ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДЫҢ ДАРА ЖОЛЫ

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДЫҢ ДАРА ЖОЛЫ

Ұстаз – ұлттың айнасы. Дәуірлер өтсе де алтын ұяның жүрегіне айналған мұғалім мәртебесі қашан да өзекті. Ұстазға үлкен де кіші де бас иеді, өйткені оның алдынан өтпейтін пенде жоқ. Адамзаттың өмірінде ойып тұрып орын тапқан бұл мамандыққа құрмет әркез жоғары. Осыған орай Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қазан айының алғашқы аптасында аталатын ұстаздар күніне орай мерекелік онкүндік басталды. Оның аясында түрлі шаралар көзделген. Солардың бірі, кеше 1 қазан күні өткен облысқа белгілі ардагер ұстаз, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Атырау облысының Құрметті азаматы Сәрсенова Нұрзилә Сәрсенқызымен кездесу. Шарада аяулы ұстаз өзінің жүріп өткен еңбек жолынан сыр бөлісіп, педагогиканың кешегісі мен бүгінгісіне тоқталып өтті. Нұрзилә Сәрсенқызы бір сәт балғын балалық шаққа саяхат жасап өзінің үзеңгілестерін еске алды. Ұстаздың өзі де ұстаздан тәлім алады демекші, мектеп мейманы алғашқы ұстаздарын, соның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімін, сондай-ақ неміс тілін меңгергенін де еске алды. Білім мен ғылымға, саналы шәкірт тәрбиелеуге ғұмырын арнаған ұстаз өз жолында кезіктерген ұжымдастарын, әр жылдары түрлі мекемеде еңбек еткен тәжірибелерінен ой бөлісті. Кездесу барысындағы қызықты сәттердің бірі Нұрзилә Сәрсенқызының қатысуымен өткен химиядағы тәжірибе сәті. Химия пәнінен дәріс берген ұстаз, жылдар өтсе де өзінің меңгергенін ұмытпағанын көрсетті. Ол химиялық реакциялардың қосындысын іс жүзінде көрсетіп мектеп оқушысы Серік Ажарға ақ батасын берді. Осылайша бүгінгі ұрпаққа ұлағаттылықты өсиет еткен Нұрзилә апай мектеп ұжымына, әсіресе оқу орын басшысы Айдарбек Төлепұлына ерекше алғысын білдірді.