Республикалық ғылыми-зерттеу конкурсының Бас жүлдесі Атырауда

Атыраудағы Зияткерлік мектептің 7-сынып оқушылары Азиза Абатова мен Дильназ Мүбарак оқушылардың республикалық «Зерде» ғылыми-зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалары байқауында Бас жүлдеге ие болды.

 

«Апельсин қабығынан тыңайтқыш» атты ғылыми-зерттеу жобасы жүздеген жұмыстардың арасында үздік деп танылды.

 

Экологиялық ахуалды оңалтуға ұсынылған зерттеу жобалары ғылым саласында сұранысқа ие. Атыраулық оқушылар тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу тақырыбын көтерген. Жеміс-жидектердің қабықтарында дәрумендер мен минералдар көп болады. Бірақ оларды тұтыну барысында қабықтар әдетте қоқысқа кетеді.

Азиза мен Дильназ апельсин қабықтарына іс-тәжірибе жүргізу арқылы жеміс-жидектер қалдықтарының топырақ сапасын арттыратынын анықтаған. Тыңайтқыш ретінде қолданылатын қабықтар өсімдіктердің тамырына және олардың өсуіне қолайлы.

 

– Қабық қышқылды және сілтілік болып екі түрге бөлінеді. Біздің жобада қабықтың қышқылды түрі қарастырылады. Өйткені жеміс қалдығының бұл түрі топырақ құрамындағы тұзды азайтады. Әрбір жеміс сияқты қабықтың да құрамында су болады. Сондықтан биологиялық ортаға түскен жағдайда жеміс-жидектердің қалдықтары топырақты ылғалдандырады әрі пайдалы бактериялардың өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызады, – дейді жоба авторлары.

 

Ақпарат және фото суреттер мектеп баспасөз қызметімен ұсынылды