COOKING CLUB АТЫРАУДАҒЫ NIS-ТЕ АШЫЛДЫ

Атыраудағы NIS педагогы Ризагүл Шаймағамбетова оқушыларға ұлттық ою-өрнектерді насихаттаудың тың әдісін ұсынды. Назарбаев Зияткерлік мектебінің қосымша білім беру педагогы қазақи ою-өрнектермен безендірілген киіз үй тортын пісірді. Осылай ол өңірдегі зияткерлік мектепте аспаздық клубтың ашылуына мұрындық болды.

– Оқушыларды қашықтықтан оқыту кезінде мұғалімдер жастардың қызығушылығын арттыруға бейімделіп келеді. Себебі онлайн режиміндегі сабақтар балалардың білім сапасына ықпал етуде. Осылайша берілген тақырыпты түсіндіру үшін күнделікті сабақты әртүрлі форматта ұйымдастыруға болады. Мен де мектеп оқушыларына аспаздық клуб арқылы ою-өрнектер туралы айтып беруді жөн көрдім, – дейді мұғалім.

Аспаздық клубтың бірінші шығарылымында танымал «сүтті қыз» торты киіз үй пішінінде жасалды. Торттың құрамы мен жалпы жасалу тәртібі өзгерген жоқ. Әдемі киіз үйді алғаш көргендер оны қол өнер сабағында жасалған кәде сый деп қабылдауы мүмкін. Шығармашылық пен шеберлікті қажет ететін торттың бұл түрі ұлттық мұраны жаңғыртуға бағытталған.

– «Киіз үй» тортын сабақ тақырыбын ашуға арналған құрал ретінде қарастырып отырмыз. Себебі қазақ мәдениетінің бай әрі ұлттық қол өнері заман талабына сәйкес жаңғырту мен насихаттауды қажет етеді. Осы мақсатта қазіргі заманғы мұғалім креативті және өз бойындағы мықты дағдыларын дамытуы керек», – дейді Ризагүл Нұрланқызы.
Жаңа ашылған аспаздық клуб қашықтықтан жұмыс істейді және алдағы уақытта өнер сабағындағы бірқатар тақырыптарды тағы да қамтуды көздеп отыр. Енді атыраулық оқушылар өнер сабағында аспаздық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алатын болды.