АТЫРАУДАҒЫ NIS КҮН СӘУЛЕСІНЕН ҚУАТ АЛМАҚ

Бүгін Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Shell компаниясының қолдауымен іске асырылатын күн панельдерін орнату бойынша келіссөздер өтті. Өңірдегі Зияткерлік мектептің әкімшілігі «МЭК-Астана» ЖШС-ің атқарушы директоры Алексей Ляликовпен жүздесті. Мердігер компания өкілі күн сәулесінен электр қуатын бөлетін станцияның жалпы жұмысы мен техникалық сипаттамалары туралы айтты.
«Бұған дейін еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау және Орал қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде іске қосылған бірегей жоба оқушылардың ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыруға және білім беру мекемесінің электр шығындарын азайтуға мүмкіндік бермек. Бұл біз үшін «жасыл экономикаға» көшудегі игі бастама», – деді Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Құралай Ахмадиева.
Екі жақты кездесуде тараптар күн станциясын қондыру үшін мектеп аумағында қолайлы орындарды қарастырып, құрылыс және монтаж жұмыстарының барысын талқылады. Жоспар бойынша екі айдан кейін Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде күн көзінен электр қуатын алатын заманауи станция іске қосылып, оқушылардың ғылымдағы ізденістеріне тың серпін бермек.