Жаңа жылдың төрімізге енгеніне де жарты ай уақыт өтті. Ал, Атыраудағы NIS әдеттегі дағдыдан жаңылмай, қоржынды әдемі жетістіктермен толтыруды бастап та кетті.
Жуырда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында айтылған басымдықтарды қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «ҚР Құрметті азаматы» атты республикалық байқауы өтті. Басты мақсат - елдің өркендеуі жолында жұмыс атқарған ардақты азаматтарға құрмет көрсету, еңбегін бағалау, тәуелсіз елімізде өз мамандығының шебері атанып, еліміздің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды қоғамда кеңінен насихаттап, жастарға үлгі ету болатын.
Екі кезеңнен тұратын жобада Атыраудағы NIS педагог-ұйымдастырушы кураторы Ақмарал Айтбулатова кәсіби тұрғыда ерекше көзге түсіп, “ҚР Еңбек сіңірген қызметкері” төс белгісімен және 1-дәрежелі дипломмен марапатталды.
Жас маман ретіндегі еңбек жолын балабақшадан бастаған Ақмарал ұстаз соңғы 10 жыл бойы Атыраудағы NIS-те абыройлы қызмет етіп келеді. Білімге құштар, саналы, абыройлы шәкірт тәрбиелеу ісінде өзіндік зор үлесі, қолтаңбасы бар әріптесімізді кезекті жеңісімен ұжым атынан шын жүректен құттықтаймыз!