Атыраудағы NIS-тің Дана Зарапова, Алтынай Кубайдоллаева, Нұртас Нұрым, Асылхан Шукурбаев атты 8-сынып оқушылары Shell компаниясының қолдауымен Caravan of Knowledge ұйымдастырған «NXplorers: Жасыл ұрпақ бәйгесі 2.0» жобасында топ жарып, 700 мың теңге көлеміндегі грант ұтып алды.
Атырау қаласында қыркүйек айында басталған облыстық жарысқа 8-11 сынып оқушылары қатысты.
«Nxplorers. Жасыл ұрпақ бәйгесі 2.0» – Shell компаниясының жаһандық бастамасының бір бөлігі. Бәйгеге қатысу арқылы инновациялық білім беру бағдарламасының көмегімен оқушылар сыни және шығармашылық ойлау, өзгерістерді, тәуекелдерді және сапаны басқару құралдары мен дағдыларын меңгерді. Енді олар осы білімдерін шынайы әлемнің практикалық міндеттерін шешуге қолдана алады.
Қатысушыларға экология және табиғатты қорғау саласында жобалар қорғау міндеттелген еді. Атыраудағы NIS оқушылары Атырау облысының экологиялық проблемаларын зерделеп, топырақ мәселесіне баса назар аударды. Анығында оларды облысымыз бойынша егістікке қолайлы жер көлемінің аздығы мен су тапшылығына байланысты болашақта алынатын өнімнің көлемі алаңдатты. Осы мәселені шешу мақсатындағы ізденістері нәтижесінде топ мүшелері қазіргі көкөніс өсірудің альтернативті түрі саналатын «аэропоникалық мұнара» арқылы көкөністер өсіруге тоқталған болатын.
Айта кету керек, аэропоника өсiмдiктердi топырақты қолданбай-ақ су арқылы тамырларына нәрлi затты тозаң түрінде жеткiзіп өсіруге мүмкіндік беретін әдіс. Басты артықшылықтары: өсімдік 3 есе тезірек өседі және өнімділігі 50%-ға молаяды. Бұл әдіспен қарапайым пәтерлерде, қоғамдық тамақтану орындарында және зәулім ғимараттардың төбесінде салат жапырағы, ас шөптері, қияр, қызанақ, паприка, құлпынай және бұршақ сияқты 35 түрлі дақылды өсіруге болады. Жоба гранты оқушыларға мектеп жағдайында аэропоникалық құрылғыны орнатуға және оны толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.