«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова Атыраудағы NIS-тің жаңа директоры Ерали Бижановты педагогикалық ұжымға таныстырды.

Ерали Бижанов Зияткерлік мектептер жүйесінде 2013 жылдан бері жұмыс істейді, физика пәнін ағылшын тілінде оқытады. 2016 жылы аттестациядан «мұғалім-сарапшы» деңгейіне сәтті өтті. 2019 жылы Талдықорған қаласындағы Зияткерлік мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.

Ерали Кдирбаевич математика, физика және информатика мұғалімдері арасындағы халықаралық олимпиаданың жүлдегері, NIS-тің «Жылдың үздік мұғалімі-2015» желілік конкурсының жүлдегері болып табылады. «Физика пәнінен Cambridge IGCSE деңгейдегі тапсырмалар жинағы» және «Физика бойынша анықтамалық» әдістемелік оқу құралдарының авторы, тілді кіріктіріп оқыту (CLIL) тренері, сондай-ақ Зияткерлік мектептердің тәжірибесін тарату аясында жаңартылған білім беру бағдарламасы, критериалды бағалау, тәжірибені зерттеу, мектепті дамыту бойынша курстардың тренері. Қазақ, орыс, ағылшын және өзбек тілдерін меңгерген.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова табысты жұмысы үшін бірнеше жыл бойы Атыраудағы NIS-ті басқарған Құралай Ахмадиеваға алғысын білдірді.