NIS ұстаздары ауылдық тірек мектептерге тәжірибе таратуды жалғастыруда. Бүгін де Атыраудағы NIS-тің 4 ұстазы шалғай Индердегі Ш.Уәлиханов мектебіне арнайы жол тартып, күні бойы тек аталған мектептің ғана емес, жақын-жуық өзге де ауыл мектептерінен ат терлетіп арнайы келген ұлағатты ұстаздар үшін оқыту семинарын өткізді.

Индерге жете салысымен NIS ұстаздары Ш. Уәлиханов мектебінің директоры Айман Меңдігереевамен жиын өткізіп, екі күндік жұмыс жоспарын пысықтап, талқылап алды. Кейін жоспарлы түрде әр кабинетте бөлек-бөлек пәндік оқытулар басталды.

Атыраудағы NIS-тің физика пәні мұғалімі Орынтай Хасанов «Физика сабақтарындағы күрделі оқу мақсаттарын игеру және практикалық жұмыстарды тиімді ұйымдастыру әдістері» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізді. Оған тек аталмыш мектептің емес, көршілес ауылдардың да ұстаздары қатысты. Нәтижесінде мұғалімдер практика жүргізуде өздеріне қажетті жаңа әдіс-тәсілдерді меңгерді. Кейін Орынтай Хасанов жергілікті мұғалімдердің сабақтарына қатысып, ұстаздарға кері байланыс беріп, ұсыныстарын жеткізді. Түстен кейін физика пән мұғалімдерімен бірлесе отырып келесі күнгі сабақ жоспарын бекітті.

Ал, химия пәнінің ұстазы Марта Демешованың шеберлік сыныбы «Химия және биология сабақтарында күрделі оқу мақсаттарын игеру және практикалық, зертханалық сабақтарды тиімді ұйымдастыру әдістері» тақырыбына арналды. 20-ға жуық мұғалім қатысқан шара соңында ашық сұхбат форматындағы пікір алаңы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, оқытудағы жаңа цифрлық технологияларды қолдану бойынша әдістемелік көмек көрсетілді. Мұғалімдер өздерінің ноутбуктері, телефондары арқылы тың әдістермен танысып, оны өздері қолданып көрді.
Түстен кейін мектеп ұстаздарының сабағына қатысып, ашық кері байланыс орнатып, өз кеңестерін айтты. Келесі күннің жұмыс жоспары да толық талқыланды.

«Математика сабақтарындағы күрделі оқу мақсаттарын игеру және тиімді ұйымдастыру әдістері» тақырыбындағы шеберлік сыныбын Атыраудағы NIS математигі Ляйля Шамеденова өткізді.

– Комбинаторика, ықтималдықтар теориясы бойынша белгіленген мақсаттар арқылы түсіндіріп, оны есеп шығаруда қолдану жолын айқындау үшін есептерін шығарып көрсеттім. Комбинаторика элементтерін, формулаларын, қай жерде қай формула қолдану керектігіне түсінік беріп, мысалдар шығарып көрсеттім. Триганометриялық функцияның графигін тиімді тәсілмен салудың жолын көрсеттім. Оны болашақта қолданатындарын жеткізді. Өзім қолданып жүрген сайт сілтемелерімен де бөлістім. Қажеттеріне жарайды деп сенемін, – дейді NIS ұстазы Ляйля Шамеденова.

– Бүгінгі жиыннан көптеген мағлұматтар алдық. Әсіресе, жас буынға өте қажет деп есептеймін. Өзіміз көп жерде білмейтін оңай тәсілдермен қарастырылды. Математиканың ең күрделі есептерін алып келген екенсіздер. Бұл есептердің көбі біздің оқу бағдарламамызда жоқ. Қолданбалы есептер туралы да біраз мағлұмат алдық. Шындығында, бүгінгі тренер біздің «көзімізді ашты» деп те айтуға болады. Бізге қиындық туғызатыны – кабинеттердің тапшылығы. Сондай-ақ, қажетті құралдардың жоқтығы. Болашақта бәрі жақсы болады деп ойлаймын, – деді өз кері байланысында Ш.Уәлиханов мектебінің ұстазы Алмажай Сағызбаева.

Ал, биология пәні ұстазы Зинаида Таугистауова да «Биология сабақтарындағы күрделі оқу мақсаттарын игеру және тиімді ұйымдастыру әдістері» тақырыбындағы шеберлік сыныбын сәтті өткізді.

Сондай-ақ, NIS ұстаздары виртуалды мектеп туралы ақпарат алу үшін арнайы жиылған Индер халқының виртуалды мектепке тіркелу, НЗМ-ге құжат тапсыру, тестілеу сынағы бойынша қойылған сұрақтарына да жауап берді. Интерактивті тақтада виртуалды мектепке қалай тіркелуге болатыны көрсетілді. Нәтижесінде, бірнеше ата-ана мен оқушылар сол мезетте тіркеліп те үлгерді.

Осылайша, оқыту семинарының алғашқы күні сәтті қорытылды. Ертеңгі жұмыс жоспарының жөні тіптен бөлек. Онымен дер уағында бөлісетін боламыз. Семинар қызметіне сәттілік тілейміз!