Атыраудағы NIS-тен желілік пәндік олимпиадаға жаратылыстану-математика бағыты бойынша 22 оқушы қатысып, бақ сынады.

12-сынып оқушысы Ақбота Досан биыл білім додасына биология пәнінен 3-рет қатысуда.

– Сұрақтардың әр жыл сайын өзгеруі – заңдылық. Осы жолғы сұрақтар өзіме өте қызықты болды. 1-кезең қорытындысы бойынша деңгейім өзімнің өткен жылғы деңгейіммен салыстырғанда әлдеқайда жоғарылағанын байқадым. Енді, екінші кезең қорытындысын күтудемін, – деді ол.

Ал, 12-сынып оқушысы Ғалымжан Аяпберген информатика пәні бойынша бақ сынады. Ол болашақта компьютерлік бағдарламалар жасау маманы болуға ниетті.

– Мен осы жылы екінші рет қатысып тұрмын. Биыл маған өткен жылға қарағанда оңай өтті, себебі, менде тәжірибе бар. Осы тәжірибе арқасында мен өзімнің болашақ салама қызығушылық таныттым. Бұл менің мектептегі соңғы олимпиадам, білім сайысы мектеп өміріндегі ең қызықты сәт болып есімде қалады, – дейді Ғалымжан.

Айта кету керек, Атыраудағы NIS-тен желілік білім бәйгесіне 40 оқушы қатысуда. Оның 18-і ертең қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша өтетін олимпиадаға қатысады.