«Бала бұл – тұтас әлем» тақырыбында Атыраудағы NIS жанындағы жатақхана әдістемелігінің апталығы басталды.
 
Апталықтың ашылуы кезінде мектептің кіре беріс дәлізінде қызықты ойындар ұйымдастырылды. Мұнда түрлі қызықты сұрақтар қойылып, оқушылар мен ұстаздар ойындарға қызығушылықпен қатысты.
 
Әсіресе, ғаламдық проблемалар турасында ой толғап, қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық тағамдар, әдеби шығармалар кейіпкерлеріне қатысты сұрақтарға мүдірмей жауап берген жеңімпаздар тәтті сыйлықтарға ие болды.
 
Мәселен, «Желдей ескен сәйгүлігі даланың» атты бөлімде Илья Жақановтың өмірбаяны, шығармашылығы, өміріндегі басты оқиғалары, әндерінің шығу тарихы қамтылды. Оқушылардың ұлт зиялылары, қазақтың баспасөз тарихыда туралы ақпараттарға қанық екендігі қуантты.

Жиылғандар жатақхана тәрбиеленушілерінің қызықты сәттері бейнеленген бейнероликті тамашалай отырып, жатақхана өмірімен танысты.
Айта кетейік, апталық аясында жатақхана ұжымы ұйымдастыруымен 3-7 сәуір аралығында түрлі шаралар өткізіледі.