NIS Атыраудағы медиа апталық аясында бір топ оқушылар облыс орталығындағы бұқаралық ақпарат құралдарына барды. Олар БАҚ қызметімен таныса отырып, мұндағы журналистермен тәжірибе алмасты. CASPIAN NEWS телеарнасының тілшілері балаларға ақпаратты-тақырыптық бөлімнің қызметі жайында баяндап, кейін эфир тарату бөлмесінің жұмысын түсіндірді.
 
Телеарнадағы техникалық жабдықтар, күрделі графикалық қызмет түрлері балалардың қызығушылығын оятты. Олар ақпарат саласының мамандарымен кездесу пайдалана отырып, қазіргі медиа саласына қатысты бірқатар мәліметтер алды. Әсіресе, жақсы журналист болуы үшін керек дағдылар, эфирдегі бағдарламалар мазмұны, көрерменмен байланыс Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының тарапынан жолданған сұрақтардың тақырыбына айналды.

БАҚ саласына арналған экскурсия әрі қарай 2023 жылдың 4 қыркүйегінде ашылған Azan интернет-радиосының студиясында жалғасын тапты. Радионың бас редакторы Жаннат Жұмағалиева зияткерлерге жылы шырай танытып, оқушыларға радионың ашылудағы мақсатын айтып берді. Ол жаңа радионың форматы мен хабар тарату тізбегі жайында ой бөлісті. Облыстағы діни тұрақтылықты қалыптастыру және руханияттағы құндылықтарды дәріптеуге арналған радионың өз алдына тыңдармандары бар. Мектептің медиа клуб мүшелері радиодағы бағдарламалардың қалай жасалатыны туралы көзбен көріп, шығармашылық ұжыммен тілдесті.

Назарбаев Зияткерлік мектебінде өтіп жатқан медиа апталық оқушыларға қазіргі БАҚ, киноматография, музыка және креативті индустрия саласы бойынша тәжірибе таратуға бағытталған. Апталық қорытындысы шаңырақтар арасындағы үздік бейнероликтер байқауымен қорытындыланады деп жоспарлануда.