Атыраудағы NIS-те кезекті «Даналық бейсенбі» өтті. Бұл жолғы ұстаным Мұхтар Әуезовтың «Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, Қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген даналық сөзін ту етсе, қонақтар спорт және әскери салада елеулі орны бар азаматтар болды. 

Анығында, фитнес-жаттықтырушы Нұрбол Адиет, жекпе-жектен ҚР спорт шеберлері, MMA Pankration чемпиондары Нұрбек Отар мен Исатай Темиров мектепке арнайы ат басын бұрып, пайдалы кеңестерімен бөлісті.

Келген қонақтар залға лық тола жиылған оқушы жігіттерге топтық, немесе, жекелей төбелестің ешқашан абырой бермейтінін түсіндіріп, жалпы, ұрыс-керіс, келіспеушіліктен аулақ жүру қажеттігін айтты. Қызуқандылыққа бой алдырмаудың, түрлі төбелестің алдын алу, болдырмау жолдарын жеткізіп, нағыз ер азаматтарға керек тәрбиелік мәні бар салмақты пікірлерімен бөлісті. Әрі, спортпен айналысудың адам денсаулығына, өміріне пайдасы туралы сөз қозғалды. Сондай-ақ, салмақ сақтау, пайдалы ас мәзірімен тамақтану, үздіксіз жаттығу, салауатты өмір салтын тұрақты ұстану турасында да бірқатар ақыл-кеңестер берілді.

Оқушылар қонақтарға сауалдарын ашық әрі еркін түрде жеткізіп, көкейде жүрген сұрақтарына тұшымды жауап алды.
Кездесу барысында жуырда ғана өткізілген «Tartyl fest» темірге тартылу жарысының жеңімпаздары атақты спортшылар қолынан марапатталды.
Сондай-ақ, мектеп директоры Ерали Бижанов жуырда ғана Қостанай қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы жүзуден ҚР чемпионатында 2-орын иеленген Атыраудағы NIS-тің 7-сынып оқушысы Арман Аманбайға дмпломы мен медалін табыстады. Бұл кездесу мектеп оқушылары үшін үлкен патриоттық рухқа, ер азаматтың өмір жолында қажет боларлық керемет кеңестерге толы болды.