Құрметті ата-аналар мен үміткерлер! 

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы 2023-2024 оқу жылында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 7-сыныптарында білім алу үшін үміткерлерге Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының «Өркен» білім беру грантын тағайындауға конкурс жариялайды.

Құжат қабылдау 2022 жылғы 1 желтоқсаннан 2023 жылғы 10 қаңтарға дейін жүргізіледі. Кешенді тесттер 2023 жылғы 2-3 наурыз күндері өтеді. Зияткерлік мектептерге оқушыларды қабылдау үшін халықаралық стандарттарға сай және барлық үміткерлер үшін объективтілікті, әділеттілік пен теңдік қағидасын қамтитын конкурстық іріктеу жүйесі қолданылады.

Зияткерлік мектептерге оқушыларды конкурстық іріктеудің қолданыстағы жүйесінің тиімділігі валидациялық зерттеулермен (2016, 2020 жылдар) және 2022 жылы сараптама және сертификаттау зерттеу орталығының (RCEC, Нидерланд) халықаралық аккредитациясынан табысты өтуімен расталды.

Конкурстың қорытындысы негізінде «Өркен» білім беру грантын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия нақты мектептерге бөлінген гранттарға сәйкес жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді зерделеу қабілеттерін бағалау және тілдік тестілеуден неғұрлым жоғары жалпы балл жинаған үміткерлерге 7-сыныптарда оқуға грант тағайындайды.

Гранттарды тағайындау кезінде Комиссия келесі көрсеткіштерді басшылыққа алады:

· оқыту тілдеріне сәйкес кешенді тестілеу нәтижесінде неғұрлым жоғары жалпы балл жинағандар саны;

· мектептердің жобалық сыйымдылығы.

Назарбаев Зияткерлік мектептеріне қабылдауға үміткерлерді дайындау мақсатында ДББҰ келесі жобаларды жүзеге асырады:
· 5, 6 – шы сынып оқушылары үшін Виртуалдық мектеп (онлайн, ақысыз);
· Виртуалдық мектептің қорытынды тестілеуінен өткен оқушылар үшін Назарбаев Зияткерлік мектептерінің базасында өтетін Каникулярлық мектеп (ақысыз);
· www.academia.kz сайтындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебіне түсуге қалай дайындалуға және өз мүмкіндіктерін бағалауға болады» онлайн оқыту курсы (ақылы);
· Назарбаев Зияткерлік мектептері базасында оқушыларды конкурстық іріктеуге байқау тестілеуі (ақылы).
Жобалар туралы толық ақпаратты www.nis.edu.kz сайтында «Үміткерлер» бөлімінен алуға болады. Бұл курстардан өту Зияткерлік мектептерге түсуге кепілдік бермейді.

Ескерту!

Бүгінде елімізде 1900-ден астам дайындық орталықтары бар. Соңғы кезде оқушыларды Назарбаев Зияткерлік мектептеріне оқуға түсу үшін қабылдау емтихандарына дайындауға қатысты кейбір білім беру қызметтерін ұсынып жүрген ұйымдар мен жеке тұлғалардың өз сайттарында және жарнамалық материалдарында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ресми логотипін заңсыз қолдану мен дайындық тесттік тапсырмалар жинағын шығару оқиғалары жиі кездесуде, сондай-ақ конкурстық іріктеу шарттары мен Зияткерлік мектептерде білім алуға бөлінген гранттар саны туралы жалған ақпарат беруде.

Осыған орай, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ оқушыларды Назарбаев Зияткерлік мектептеріне түсуге дайындық қызметтерін ұсынып жүрген ұйымдармен, жеке тұлғалармен бірлесе жұмыс жүргізбейтінін ресми хабарлайды.

Конкурстық іріктеудің шарттары және тапсырмалар үлгілері туралы толық мәліметті сіздер тек «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ www.nis.edu.kz ресми сайтының «Үміткерлерге» бөлімінен ала аласыздар.


Қабылдау комиссиясының жұмыс кестесі:

Дүйсенбі-жұма 09:00-18:00, түскілік үзіліс 12:00-13:00.
Сенбі 09:00-13:00. Жексенбі демалыс!

Мерекелік демалыс күндер 2022 жыылдың 16, 17, 31 желтоқсан күндері және 2023 жылдың 1, 2, 7 қаңтар күндері қабылдау комиссиясы жұмыс істемейді.