Қазіргі заманауи оқушылардың жан-жақты дамуына қандай жағдай жасау керек? Ойын еркін білдіре алатын, жан-жақты мықты тұлғаны қалыптастыру үшін қалай көмектесуге болады? Осы мақсатты жүзеге асыруда TEDx форматындағы шаралардың маңызы зор. «Таратуға тұрарлық идеялар» форматындағы TEDx конференциялары оқушыларды өмір бойы оқуға, әлеуметтік белсенділік, ашықтық, қарапайымдылық, көшбасшылық, құрмет және әлеуметтік маңыздылық сияқты құндылықтарға тәрбиелейді.

Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі TEDx NIS клубтары 2012 жылы WikiBilim қоғамдық қорының қолдауымен құрылған. Бұл Қазақстанда ашылған алғашқы TEDx клубтарының іргетасы болып табылады. Бүгінгі таңда аталған клубқа ел аумағындағы Зияткерлік мектептердің мыңдаған оқушысы мүше болып қабылданған. Клуб мүшелері орыс, қазақ, ағылшын тілдерін жетік меңгерген көшбасшы ғалымдардың, өзге салада жүрген тұлғалардың көпшілік алдында оқыған дәрістері мен идеяларын талқылайды.

Бұл жобаны Назарбаев Зияткерлік мектептеріне енгізудің мақсаты айқын. Өз ойын еркін білдіре алатын оқушыға әлем есігін айқара ашып, өмір жолында шексіз мүмкіндіктер кезігетіні де талас тудырмайды.

Бұл сөзімізге «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың сөзі дәлел: – TEDх – «Таратуға тұрарлық идеялар» концепциясының алар орны ерекше. Қазақта «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» деген сөз бар. Оқушылар қысқа да нұсқа сөйлеп үйренуі, өз ісін көрсете білуі қажет. Бұл орайда, олардың бойында ғылыми-зерттеу, әріптестік қатынастар, шешендік өнерді дамытуда «Зияткерлік мектептің TEDx» клубы жұмыс істейді. Өзін еркін көрсете алмайтын бала, өзі жасағанын ұсына алмайтын бала ертең еңбек нарығында жұмыссыз қалады. Осыған байланысты балаға тек білім ғана беріп қоймай, оның мінезін, жауапкершілігін, еркін сөйлей алуын дамытуымыз қажет. Ортада өзінің ойын еркін жеткізе алуға, жасаған дүниесін ұсына алуға үйрететін болсақ нұр үстіне нұр, − дейді Күләш Ноғатайқызы.