АТЫРАУЛЫҚ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫСЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖИНАҚҚА ЕНДІ

Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушылары Ділназ Мүбарак пен Әзиза Абатова Владимир Яковлевич Курбатов атындағы оқушылардың халықаралық ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауында үздік үштікке енді. Ресей Федерациясында қашықтықта өткен «Химия: ғылым мен өнер» атты ғылыми-жобалар конкурсында мұнайлы шаһардың оқушылары «Апельсин қабығынан тыңайтқыш әзірлеу» тақырыбындағы зерттеу жұмысын ұсынды. Нәтижесінде ғылыми еңбек ресейлік әділ қазылар алқасының жоғары бағасын алып, Әзиза мен Ділназ үшінші дәрежелі дипломға және сертификаттарға ие болды. Атыраулық оқушылардың ғылыми жаңалығы Владимир Яковлевич Курбатовтың 142 жылдығына орай жарық көрген халықаралық ғылыми еңбектер жинағына енгізілді.
Санкт-Петербург мемлекеттік технологиялық институты оқушылардың еңбегі жарияланған ғылыми жинақты және Ділназ бен Әзизаның сертификаттарын онлайн түрде табыстады.
Еске салайық, бұған дейін Әзиза Абатова мен Ділназ Мүбарактың «Апельсин қабығынан тыңайтқыш» атты ғылыми-зерттеу жобасы оқушылардың республикалық «Зерде» ғылыми-зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалары байқауында Бас жүлдеге ие болды.