Мектеп туралы

         Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2013 жылдың 11 қыркүйегінде еліміздегі Зияткерлік мектептер желісіне 15-ші мектеп болып қосылды.

         Өңіріміздің ең мықты деген мұғалімдері іріктеуден өтіп, Назарбаев Зияткерлік мектебінің қызметіне жұмылдырылды. Оқу орында 130-дан астам қазақстандық мұғалім қызмет етсе, әлемнің жетекші мемлекеттерінен келген 7 халықаралық мұғалім өз тәжірибелерімен бөлісу үстінде. Олар Кения, Филиппин, Колумбия және Оңтүстік Африка мемлекетінен келген педагогтар.

         Назарбаев Зияткерлік мектебі облыстың өзге мектептерін өз деңгейіне жетелейтін аймақтағы білім берудің инновациялық нысаны. «Барлық оқушылары табысты болатын мектеп» ұранымен шәкірттерді тәрбиелеп отырған алтын ұя өз тарихында үшінші рет мектеп түлектерін үлкен өмірге аттандырмақ. Тек оқушылардың емес мұғалімдердің де кәсіби шыңдалу алаңына айналған Назарбаев Зияткерлік мектебі жалпы білім беретін оқу орындарының ұстаздарына тәжірибе тарату мақсатында ұдайы әдістемелік қолдау көрсетіп келеді. Мектептің өз Қамқоршылық кеңесі, оқушылар кеңесі, ата-аналар комитеті жүйелі қызмет етуде.

         720 оқушыға арналған Зияткерлік мектеп қаладағы «Нұрсая» ықшам ауданында орналасқан. Мектеп қалалық коммуникациялық желіге қосылған, қыс мезгілінде дербес жылу қазандығы мүлтіксіз жұмыс істейді. Құрылыстың бас мердігері «Модерн Строй Атырау» ЖШС-гі. 6 гектар жерге мектеп ғимараты, волейбол, үлкен теннис, баскетбол және жүгіруге арналған жол салынған. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін барлық алаң гетерогенді қабатпен қапталған. Футбол алаңына жасанды газон төселген. Мектеп оқу процесін оңтайландыруға, зерттеу жұмыстарын жүргізуге, білімін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беретін заманауи технологиялармен жабдықталған. Барлық кабинетте жеке компьютер, интерактивті тақта және  арнайы қуаттау құрылғысы бар 650-ден астам ноутбук бар.

2.2

Мектептің тарихи жылнамасы

24-мамыр, 2012 жыл. 

Мектеп ғимаратының құрлысы басталды. Мердігер мекеме «МодернСтрой-Атырау» ЖШС-гі.

11-қыркүйек, 2013 жыл.

Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі салтанатты түрде пайдаланылуға берілді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен іске асқан зияткерлік мектептер желісіне өңірдегі оқу орны он бесінші мектеп болып қосылды. Оқу орынның ашылуына Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Дүйсембаев Ғұмар Исламұлы, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ң төрайымы Шәмшидинова Күләш Ноғатайқызы және мектеп директоры Әкімова Тәвила Әдиетқызы қатысты.

6-ақпан, 2014 жыл.

Атырау облысына іс-сапарымен келген мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мұнайлы өңірдегі Назарбаев Зияткерлік мектебіне келді. Елбасы оқу орынның жұмысымен танысып оқушылармен тілдесті. Аймаққа жасаған сапарында Н.Назарбаев алғаш рет мемлекет атауын «Қазақ елі» деп өзгерту жөніндегі ұсынысын жасады.

1-шілде, 2014 жыл.

Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Туған елге тағзым» іс-әрекетті зерттеу бағытындағы өлкетану экспедициясы ұйымдастырылды. Оқу орынның 48 тәрбиеленушісі Астана және Павлодар қалаларына барып келді. Ал біздің аймаққа Қарағанды және Павлодар облыстарынан 50-ге жуық зияткерлер сапар шекті. Олар бір апта Атырау облысының тынысымен танысты.

29-қыркүйек, 2014 жыл.

Атырауда Қазақстан мен Ресейдің ХІ шекаралас аймақтар форуы өтті. Форумның бірқатар қатысушылары облыстағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне келіп оқу орынға жоғары баға берді.

19-қараша, 2014 жыл.

 Әйгілі қазақ композиторы, «Қазақ вальсінің королі» атанып кеткен Қазақстанның Халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын ұлықтауға арналған жоғары сынып оқушыларының алғашқы, дәстүрлі бал кеші өткізілді. Ұлттық сана сезімді қалыптастыруда және төл мәдениетті насихаттауға арналған шараға 12-сыныптың 172-оқушысы қатынасты. Күзгі балға балама ретінде өткен «Шәмші балы» эстетикалық тәрбие жұмысының бір көрінісі.

25-қараша, 2014 жыл.

1-желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары белгілі жазушы-драматург Рақымжан Отарбаевтың «Нұржауған ғұмыр» атты шығармасымен мектеп театрының алғашқы шымылдығын ашты. Елбасының балалық шағына арналған бұл қойылымға әртүрлі сыныптардан 10-нан астам оқушы қатысты.

23-қаңтар, 2015 жыл.

«Поэзия падишасы» Фариза Оңғарсынованың құрметіне мектептегі қазақ тілі және әдебиеті пәні кабинетіне ақынның есімі берілді. Атаулы сыныптың салтанатты ашылуына ақынның бауырлары мен үзеңгілестері, мектептің жас ақындар клубы мүшелері қатынасты.

11-ақпан, 2015 жыл.

Алғаш рет мектепте «НИШ-фактор» ән байқауының ақтық гала концерті өткізілді. Сайыс қорытындысы бойынша Бас жүлде Ғалымжанова Арайлым (10-сынып) мен Бекенова Ақтотыға (11-сынып) бұйырды.

19-маусым, 2015 жыл.

Астана қаласында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ң ІІ-желілік арт-фестивальі өткізілді. Байқау қорытындысы бойынша Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Үздік музыкалық-театраландырылған қойылым», «Үздік қол өнер, көркемсурет және кескіндеме», «Үздік әлеуметтік бейнеролик» сынды аталымдар бойынша жүзден жүйрік озды. Көлеңке театрының «Мәңгілік ел тарихы» атты туындысы ең үздік деп танылды.

20-маусым, 2015 жыл.

Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 176 алғашқы мектеп түлегін шығарды. Олардың 16-ы «Алтын белгі иегері» болса, 50-ден астамы ерекше үлгідегі аттестатқа ие болды.

15-қазан, 2015 жыл.

Өңірдегі зияткерлік мектеп CIS Халықаралық мектептер кеңесінің аккредитациясын алу бойынша жұмыстарды бастады. Оқу орынға аталған кеңестің өкілі Грэм Рейнджер келіп сараптамалық талдауларды жүргізді.

25-маусым, 2016 жыл.

Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі екінші рет 12-сыныпты бітірген 186 мектеп түлеген дайындады. Оқу жылының нәтижесі бойынша 10-нан астам мектеп түлегі әлемнің озық жоғары оқу орындарына жолдама алды.

10-желтоқсан, 2016 жыл.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай «Мәңгілік ел зияткерлері» атты жалпы білім беретін мектеп оқушыларының І-облыстық форумы өтті. Форум барысында Елбасының «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясының құндылықтары дәріптелді. Балаларға арналған үйірмелер мен тәжірибе сыныптары жұмыс жасады.

15-сәуір, 2017 жыл.

Зияткерлік мектептер желісінде алғаш рет «Мәңгілік ел мұрагерлері» атты оқушы, ұстаз және ата-ананың қатысуымен айтыс өткізілді. «Көктем және еңбек» мерекесі аясында мектеп саябағына 1 000 түп ағаш отырғызылып, ұлттық өнер, төл мәдениет жаңғырды. Бұл жоба мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласымен сабақтастық тапты.

15-22 қыркүйек, 2017 жыл.

Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі халықаралық мектептер кеңесінің аккредитациясынан өту үшін шешуші кезеңге табан тіреді. Оқу орынға әлемнің озық мемлекеттерінен 10-нан астам шетелдік сарапшы келіп қорытынды талдау жүргізді.

1-қараша, 2017 жыл.

Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі CIS Халықаралық мектептер Кеңесінің аккредитациясынан сәтті өткендігі жөнінде ресми мәлімдеме алды.

5-желтоқсан, 2017 жыл.

Облыстағы зияткерлік мектеп Тәуелсіздік күні қарсаңында «Ұлы дала мұрагерлері» атты оқушылардың шығармашылық есебін өткізді. Шара Ұлт Көшбасшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласын негізге ала отырып зияткерлік мектептердің он жылдығы аясында өткізілді.

25-ақпан, 2018 жыл.

Атырау қалалық білім беру бөлімі мен Назарбаев Зияткерлік мектебі арасында екі жақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

15-наурыз, 2018 жыл.

Өңірдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінде Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани Жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында кіші жобалық кеңсе құрылды. Жобалық кеңсе мемлекет басшысының мақаласындағы «Цифрлы Қазақстан», «Туған жер», «100 жаңа есім», білім берудің озық тәжірибелерін облыстағы білім ошақтарына таратуды көздейді. Сондай-ақ бұл күні Исатай ауданы, Жанбай ауылындағы Хамидолла Наубетов атындағы жалпы білім беретін орта мектеп пен Назарбаев Зияткерлік мектебі, Исатай аудандық білім беру бөлімімен үш жақты меморандумға қол қойылды.

2-сәуір, 2018 жыл.

Зияткерлік мектепке Қазақстан Республикасы мәжілісінің депутаттары Берік Оспанов пен бокстан әлем чемпионы Серік Сәпиев қонақта болды. Меймандар «Рухани Жаңғыру» кіші жобалық кеңсесіне аяқ басып мектептің тыныс-тіршілігімен танысты.

25-мамыр, 2018 жыл.

Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Ел жүрегі – Астана» мерекелік онкүндігі қорытындыланды. Бірнеше аталымдар бойынша мектептің үздік оқушылары, мұғалімдері мен ата-аналар мараптқа ие болды.

28-мамыр, 2018 жыл.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ң он жылдығын тойлау аясында еліміздің барлық аймақтарында «Ауыл мектебін қолдайық!» желілік акциясы өтті. Атырау қаласындағы зияткерлік мектеп ұжымы Исатай ауданындағы Жанбай ауылының Х.Наубетов мектебіне барды. Мұнда Назарбаев Зияткерлік мектебінің бір топ мұғалімдері мен оқушылар қауымы күні бойы Жанбай мектебіне әдістемелік қолдау көрсетіп, жаңартылған білім бағдарламасы бойынша қолдау білдірді. «Ауыл мектебін қолдайық!» акциясы шеңберінде мектепке 100 бөлме гүлі, 3D принтер және ондаған спорттық құралдар мен естелік кәде-сыйлар табыс етілді.

16-маусым, 2018 жыл.

Мұнайлы өңірдегі Назарбаев Зияткерлік мектебі тарихында үшінші рет мектеп түлектері түлеп ұшты. 175 түлектің 1-і «Алтын белгі» (Альбина Қыдырқожа), 50-ден астам оқушы үздік үлгідегі аттестатқа ие болды. Мектепті бітірген оқушылар алғаш рет толыққанды 12 жылдық білім беру жүйесі бойынша қанат қақты.

23-тамыз, 2018 жыл.

Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Айтбөкешев облысқа іс-сапармен келген мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақ активімен кездесуінде болды. Мұнда оқу орын басшысы өңірдегі зияткерлік мектептің жетістіктері жөнінде баяндамасын таныстырды. Елбасы ДББҰ-ң білім беру көрсеткіштері халықаралық деңгейде расталғанын айтып, зияткерлік мектептер желісінің жұмысын жоғары бағалады.

11-қыркүйек, 2018 жыл.

 Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бес жылдығы аталып өтілді. Мектеп ұжымын аймақтағы басқарма басшылары, «НұрОтан» партиясы, білім беру ұйымдары құттықтады.

4-қазан, 2018 жыл.

Алғаш рет Назарбаев Зияткерлік мектебінде аймақтың үздік жаңашыл мұғалімдеріне арналған «Жаңартылған білімге – жаңашыл ұстаз» атты педагог кадрларының І облыстық форумы өтті. Мұнда сала мамандары жаңартылған білім мазмұны бойынша зияткерлік мектептен әдістемелік қолдау тапты. 200-ден астам пән мұғалімдері қатысқан форумға облыстық білім беру басқармасы серіктестік танытты.

5-наурыз, 2019 жыл.

Алғаш рет облыстағы зияткерлік мектепте оқу орынның драма Виктор Гюгоның «Notre Dame de Paris» қойылымын сахналады. Бұған дейін Назарбаев Зияткерлік мектебінде екінші халықаралық шет тілі ретінде француз тілін оқыту енгізілген болатын.

22-сәуір, 2019 жыл.

Елімізде «Жастар жылына» арналған Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының «Ұлы дала мұрагерлері» атты шығармашылық есеп беру концерті өтті.

16-маусым, 2019 жыл.

Білім ордасы өз тарихында төртінші рет түлектерді шығарды. Алғаш рет оқу орынды толық 12 жылдық білім беру жүйесімен аяқтаған 68 мектеп түлегіне халықаралық үлгідегі сертификат пен аттестаттар табысталды. 2018-2019 оқу жылының қорытындысы бойынша мектепте 3 «Алтын белгі» иегері және 40-тан астам ерекше үлгідегі аттестат иелері анықталды.

14-қыркүйек, 2019 жыл.

Мемлекет басшысы жариялаған «Еріктілер жылын» қолдау мақсатында мектепте мұғалімдердің «Ұстаз-волонтер» педагогтар қозғалысы құрылды.

18-қазан, 2019 жыл.

Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жанынан құрылған «Рухани жаңғыру» кіші-жобалық кеңсесі Түркияда таныстырылды. Қазақстандық делегация Хажы Байрам атындағы университетте «Түркі тілдес халықтарының тілдері» факультетіндегі студенттермен және оқытушылармен кездесті.

24-қаңтар, 2020 жыл.

Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры болып Құралай Тілеубердіқызы Ахмадиева тағайындалды. Бұған дейін мұнайлы өңірдегі Зияткерлік мектепті басқарған Айдарбек Төлепұлы Айтбөкешев Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры қызметіне ауысты.