Алишер Сатханбаев Атыраудан 250 шақырым шалғайда орын тепкен Құрманғазы ауданы, Құрманғазы ауылындағы М. Ломоносов орта мектебінің 6-сынып оқушысы. Отбасының сүт кенжесі 7-сыныптан бастап Атыраудағы NIS-те оқуды көздеп, емтихан тапсырған болатын. Нәтижесі көңіл қуантып, оқуға қабылданды. Талантты ұлдың талабы таудай.
 
– Беталысым – «Оксфорд». Осы межелі мақсатымның алғашқы қадамын NIS-қа түсу арқылы жасадым» –дейді зерек оқушы.
Ауылында Алишерді бәрі «Әжесінің баласы» дейді. Өйткені, 82 жастағы әжесімен бірге тұратын жігіт таң ата салысымен әжесінің тамағын бергеннен бастап, 24 сағат бойғы бар күтіміне өзі жауапты.

Алишер талай жылдан бері өз ауданындағы кітапхананың ең үздік оқырманы. Кітапты 6 жасынан бастап оқып келеді. Енді оның NIS кітапханасында жиі төбе көрсетері сөзсіз.

– 100-ден аса кітап оқып үлгердім, фантастика жанрын ұнатамын, ең сүйікті кітабым – «Гарри Потер» – дейді ол. Тіпті, 7-сыныпқа жетпей жатып, сол сүйікті туындысының 7 томын да оқып, аяқтап үлгеріпті.

Ауыл баласы өте сауатты. Шақырылған жерге 1 минут кешіккенді де ұнатпайды. Жауапкершілігінің жоғарылығы сондай, бұған дейін ауылда тіпті ауырып тұрған уақытта да бірде-бір сабағын қалт жібермепті. Ал, жаратылыстану ғылымдарына деген қызығушылық нағашыларынан дарыса керек. Өйткені, нағашы жұрты математикаға, шахмат ойынына сондай жетік.

Алишер енді NIS ұстаздарымен бірігіп, өз қиялындағы талай тың ғылыми жолбаларды жүзеге асыруға ниетті. Ол үшін тек қыркүйекті күту ғана қалды...

Кемел болашаққа NIS-пен бірге қол созған Алишердің әр қадамына сәттілік серік болуын тілек етеміз.