Ақпан айында облыстық “Atyrau" телеарнасында бастау алған телевизиялық "Дарын" білімділер сайысының жеңімпаздары анықталды.

- Біз алдымен жеті аудан мектептерінде 11 сынып оқитын оқушылар арасында тест өткіздік. Тоғыз пәннен 100 сұрақ қойдық. Соның нәтижесінде ұпай сандары жоғары деген 64 шәкірт анықталды. Оларды төрт төрттен 16 топқа бөлдік. Барлығы 21 телевизиялық түсірілім жасадық.
Тартысты ақтық сында төрт оқушы өз білімдерін жан-жақты көрсете білді. Пәндерді терең меңгеріп, ағылшын тіліне жетік екендерін де танытты. Финалға шыққан бұл төрт оқушы бұған дейін 172 мектеп жиналған барлығы 830 оқушы ішінен суырылып шыққандар. Одан кейін топтық ойын, сосын жартылай финал ойынын жеңіп шыққан дарындылар, - дейді жоба авторы әрі ұйымдастырушы Амандық Есқали.

Осылайша, 830 оқушы ішінен Атыраудағы NIS оқушысы Алтынбек Саламат облыстық білім додасынан оқ бойы озық шығып, бас жүлдені қанжығалады! Алтынбекке 200 000 теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталды.

Айта кеткен лазым, аталмыш жобаның инициаторы - қоғам белсендісі Амандық Есқали. Бұған дейін де бірталай білім саласына байлаулы тақырыптарды еркін қаузап жүрген оның бұл кезекті жобасына Атырау облыстық әкімдігі қолдау білдірген болатын. Өз кезегінде, облыстық білім басқармасы да жоба барысына жеткілікті деңгейде атсалысты. Ал, “Атырау” телеарнасы ойын барысын таспалап, қалың көпшілікке ұсынды.
Жаңа оқу жылында бұл жоба 8, 9, 10, 11-сынып оқушылары арасында жалғасын таппақ.

Ал, талантты, білімді, үлгілі шәкірт Алтынбекті Атыраудағы NIS ұжымы үлкен жүлдесімен шын жүректен құттықтайды.