ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы жуырда Алматы қаласында дәстүрлі «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық конкурсын өткізген болатын.
 
Фестивальдің мақсаты – педагогтардың шығармашылық өзін-өзі жүзеге асыруын және кәсіби өсуін ынталандырып, Қазақстан мектептерінің басшылары мен мұғалімдерінің инновациялық тәжірибесін зерделеу және тарату.
 
Бес бағытта ұйымдастырылған Фестивальда еліміздің барлық аймақтарынан 250 педагогтер – директорлар, директордың орынбасарлары, педагогтер, мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері мен әдіскерлері, музыка қызметкерлері, қосымша білім беру педагогтері, сынып жетекшілері, психологтар, логопедтер, дарынды балалармен жұмыс жасайтын өңірлік орталықтардың әдіскерлері қатысты.
 
Атыраудағы NIS-тің физика пәні мұғалімі Гүлнұр Кенжеева физика, математика және информатика пәндері секциясының «Шеберлік палитрасы» бағыты бойынша бақ сынап, «STEAM білім беру: оқытудың жаңа жағдаяттары» тақырыбындағы жұмысын TED форматында таныстырды.
 
– Педагогикалық фестивальдің республикалық кезеңіне қатысуға мүмкіндік алғаныма өте қуаныштымын. Еліміздің әр облысынан келген әріптестеріммен тәжірибе алмасатын керемет шығармашылық алаң болды. Соңғы жылдары білім берудегі жаңа методика саналатын STEAM білім беру әдісін белсенді түрде қолданып келемін, менің педагогикалық идеям – STEAM білім беру әдістері арқылы оқушыларды шынайы өмірлік жағдаяттарды шешуге даярлау және сол мәселені шешу барысында оқушылардың пәндік құзыреттіліктерімен қатар «soft skills» – жұмсақ дағдыларын дамыту, – дейді жүлдегер ұстаз.
 
Атыраудағы NIS ұжымы жас ұстазды кезекті жеңісімен құттықтайды!