Шуақты күн әдеттегіше таңғы жаттығу мен дәмді астан басталды. Іле-шала қатысушылар «Ақжайық» резерватына жол тартты.
Махамбет ауданы аумағы және Атырауға қарасты маңнан орын тепкен резерватқа соңғы зерттеулерге сәйкес, өсімдікер тізіміне 33 тұқымдастыққа жататын 130 түр кіреді, әсіресе, сирек кездесетін және Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктерді табуға болады.

Қорықта сүтқоректілердің 78 түрі бар. Аймақтағы құрып кету қаупі төнген түрлердің тізіміне құстардың 20 түрі, жәндіктердің 24 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 2 түрі және сүтқоректілердің 2 түрі кіреді.

Оқушылар үшін әсіресе су жағасын мекен еткен тасбақа үлкен қызығушылық тудырды.
Резерваттың нағыз зерттеу нысанына айналарлық мекен екеніне көз жеткізген оқушылар түскі астан кейінгі уақыттарын музейлерге саяхат жасауға арнады. 

Алдымен облыстық Шаймардан Сариев атындағы өнер мұражайына бас сұқты. Мұражай қызметкерлерімен және жергілікті өңірдің суретшілермен кездесіп, түрлі сырға толы туындылармен танысып, ерекше әсерге бөленді. Атақты суретші Шаймардан Сариев туралы түрлі тың ақпарға қанығып, оның өз қолынан шыққан туындыларымен жіті танысты.

Ал, облыстық тарихи-өлкетану мұражайына экскурсия барысында оқушылар түрлі экспонаттармен, сонау өткен ғасырлардан, арғы-бергі тарихтан толассыз сыр шертетін естеліктермен танысып, таным-біліктерін арттырып, өткенмен үндесіп, зор рухани қуат алды.
Ал, кешкісін Махамбет атындағы академиялық драма театрда балалар үшін арнайы қойылған “Қуыршақ” қойылымын тамашалады. Өңір ғана емес, республика көлемінде де өзіндік ойып алар орны бар рухани орда әртістерінің ерекше қойылымы оқушыларға тың серпіліс, ерекше көңіл-күй сыйлады.

Осылайша, оқушылар үшін жобаның бүгінгі күні де пайдалы өтті.