Амал күні қазағым көріседі,
Көрісу, бұл – көненің желісі еді.
Жасың құтты болсын деп жамырасып,
Ақ ниетпен адал болғын деседі.
 
Көріседі көңілдер жібісін деп,
Көріседі тасысын ырысың деп.
Көріседі көк мұз да жібісін деп,
Көріседі оң болсын ырысың деп
 
Атыраудағы NIS-те көрісу күні тойланды. Ұстаздар мен оқушылар, мектеп ұжымы таңертең мектепке келе салысымен бір-бірімен көрісіп, салт жоралғыларын жасап, ұлттық тағамнан дәм татты. Жылдан жылға, жастан жасқа аман жеткеніне қуанысып, құшақ жайып, төс қағыстырып, мейрамды қуана қарсы алды.
 
Сондай-ақ, бүгін мектепте тұңғыш рет «Әжелер мектебі» жобасының тұсауы кесілді. Мектеп қабырғасында немерелері оқитын ақ жаулықты әжелер бас қосып, ұрпақ сабақтастығын дәріптейтін түрлі өнегелі әңгімелерін айтты. Бұл жобаның басты мақсаты - әжелердің өнегелі өмірін үлгі ете отырып, балаларды өмірге үйрету, оқушыларды қазақтың ұлттық салт-дәстүріне баулу, туған жерін, елін, шаңырағын ардақтайтын тәрбиелі адам, үлкенге құрмет, кішіге ізет ете білетін тұлға ретінде тәрбиелеу болатын.

Оқушылар әжелер айтқан есті әңгімелерден ерекше әсер алды. Әрі, ақ жаулықты ардақтыларына өз өнерлерін паш етіп, күмбірлі күйден, әуезді әннен шашу шашты. 
 
Наурыз мейрамы онкүндігі аясында 15 наурыз - Жайлау күніне орай "Оқжетпес", "Бәйтерек" шаңырақтары мектеп ауласында тазалық жұмыстарын жүргізді.
 
Шараның мақсаты өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін дамытуға және денсаулығын жақсартуға ықпал ететін аумақты абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына көңіл бөлу, жастарды ізгілікке шақырып, саналарына жақсылықты сіңіруге бағытталған.