Дана қазақ «Білімдіге дүние жарық» деп бекер айтпаса керек-ті. Оқу деңгейі арқылы өзгелерден оқ бойы озық тұратын, санасын білім нәрімен сусындатуға құмар озат оқушылар Атыраудағы NIS-те де жетерлік. Сондай талапты жастың бірсыпырасы өткен оқу жылын ойдағыдай тәмамдаған түлектер сапында бой көрсеткен болатын.
 
Өткен оқу жылында Атыраудағы NIS-ті жалпы саны 66 түлек тәмамдады. Оның 18-і әлемнің түкпір-түкпіріндегі шетелдік жоғары оқу орындарына білім алу мақсатымен орнығып үлгерсе, 25-і Назарбаев Университетіне, 21-і өз еліміздің өзге де алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына қабылданды. Санайғақ та көңіл көншітерлік: аталған түлектердің 91 пайызы білім грантын иеленді.

Мектебіміздің бағыты айқындап тұрғандай, бітіруші түлектердің басым көпшілігі, анығында 38-і техникалық мамандыққа бет алса, медицина саласына 6, жаратылыстану бағытына 4, экономикалық бағытқа 6 оқушы мойын бұрды.

Қазақ балалары қадам басқан шетелдік жоғары оқу орындары қатарында АҚШ-тағы University of California at Berkeley, Канададағы Carleton University, Seneca College, Венгриядағы University of Debrecen, Corvinus University, Эстониядағы Tallin University of Technology, Италиядағы Sapienza University, University of Siena, University of Cassino, LUISS Guido Carli University, Чехиядағы Anglo-American University, Czech Technical University in Prague, Түркиядағы Istanbul University, Hacettepe University, сондай-ақ, Германиядағы University of Applied Sciences Wurzburg-Schweinfurt сынды алпауыт білім ордалары бар.

Төрткүл әлемнің түрлі бұрышына еш именбестен бет алған білімділеріміздің бірқатарын біз де сөзге тарттық:

– Осы жылы мен UC Berkeley, Columbia, University of Toronto, Georgia Tech, және KAIST-ке шақырту алдым. Негізгі бағытым компьютерлік ғылым болғандықтан, мен осы мамандық бойынша әлемдегі екінші үздік университет болып саналатын UC Berkeley-ді таңдадым. Ол Кремний алқабында орналасқан, сондықтан зерттеу, жұмысқа орналасу және жобаларды әзірлеуде көптеген мүмкіндіктерге ие. Жалпы, біздің бұл алғашқы жетістігімізге жету жолында NIS-Programme ерекше сеп болғанын айта кеткен лазым. Біздің бойымызға іргелі академиялық білімді қалыптастыруға, жаратылыстану-математикалық пәндерді тереңдетіп оқытуға, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдаланудың жоғары деңгейін меңгертуге, және мұның барлығын үш тілде білім беру арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік берген NIS-Programme екендігі даусыз. Ағылшын тіліне ерте жастан жетік болудың арқасында бүгінде әлем елдерінің есігін именбей қағып, алпауыт білім ордаларында тегін оқуға мүмкіндік алып отырмыз. Санамызға сыни ойлау мен функционалдық сауаттылықты, жоғары деңгейдегі білім нәрін сіңіру жолында қызмет еткен әр ұстазға, білім саласында өз бағытымызды адаспай табуға жәрдемдескен мектеп профориентаторына алғысымыз мол. Және, ең бастысы, осы күрделі жолда бізге қуат беріп, әрқашан моральдық-материалдық көмегін аямай, алға жетелеген аяулы ата-анамызға да қарыздармыз, – дейді 2023 жылғы түлек Асқар Альмухаметов.

Айта кету керек, АҚШ-тың Калифорния штаты, Беркли қаласында орналасқан бұл университет білім беру бағдарламалары бойынша сол елдегі ең үздіктер қатарында. Университет компьютер және IT технологиялар, экономика, физика салалары бойынша әлемге әйгілі.
Ал, бүгінде Канада астанасы Оттава қаласында орналасқан Carleton University-ге жол тартқан түлегіміз Полина Вардашко аталған елде оқуды бастапқыдан-ақ көздегенін жеткізді:

– Әуел бастан-ақ мен Канадаға баруды жоспарладым, бірақ АҚШ пен НУ-ды да қоса көздеп жүрдім. Канаданың артықшылығы сол – мұнда білім алу қатты қымбат емес, дегенмен, білім мен қызметті қатар ұштастыруға, жоғары өмір сүру деңгейіне бейімделуге мүмкіндік мол, әрі, өңір климаты да өзім үшін қолайлы. Жоғары оқу орындары арасында бәсекеге қабілетті, мықты зертханалық ортасы бар университетке қабылданғаныма өте қуаныштымын, енді бірер ай ішінде арманымдағы университеттің биохимия және биотехнология бағыты бойынша студенті атанамын, – дейді ол.

– Өміріме үлкен өзгерістер сыйлаған Назарбаев Зияткерлік мектебінде сапалы білімнің әрі сені қоршайтын ортаның маңызын түсінген едім... Байланыс барысында 2023 жылғы тағы бір белсенді түлегіміз Жанель Жанбырбаева өз сөзін осылай бастады. Іле-шала: – Кейін де маман ретінде маған ерекше құндылықтарды, тәжірибені бере алатын ортада оқуымды жалғастырғым келді. Осылайша мен Назарбаев университетінің foundation және direct бағдарламаларына, АҚШ-тың Drexel, Williams, Wellesley университеттеріне және Венгрияның Corvinus University of Budapest, Budapest Business School сынды оқу орындарына шақырту алып, ойлана келе Венгриядағы Corvinus университетін таңдадым. Аталмыш университет экономика және бизнес саласындағы үздік университеттер қатарынан, әрі өзінің Пал Шмит (Венргия президенті, 2010-2012), Гордон Байнаи (Премьер Министр, 2009-2010), Лайош Бакрош (Венгрияның қаржы министрі) сынды тұлғаларымен танымал. Оқудың басым бөлігі практикаға негізделген университетті таңдағаныма қуаныштымын, – деді белсенді жас.

Ал, Әділ Ақтеңел есімді түлек 9 университетке қатар шақырту алып, ойланып жүргенінен хабардар болатынбыз. Таңдауы қай елге түскенін өз аузынан естуге бел будық:

– Биыл мен шақырту алған оқу орындары қатарында АҚШ-тағы University of Miami, Purdue University, NYIT, HULT, Drexel University, Германиядағы Jacobs University, Түркиядағы Kadir Has University, Италиядағы University of Siena, Cassino University болды. Менің таңдауым маған жылына 7080 еуро көлеміндегі тегін оқу гранты мен шәкіртақы тағайындаған Италиядағы University of Siena-ға түсті. 1240 жылы іргесі қаланған бұл оқу ордасы Еуропадағы ең жақсы оқу орындарының бірі болып табылады. Білікті профессорлар мен үздік бизнес мектебі табысты және болашағы зор болашаққа жол ашады деп сенемін, – деді ол.

Атыраудағы NIS оқушылары осылайша күллі әлемнің білім нәрінен қуат алып, сусындауға даяр жүр. Армандарына бір табан жақындай түскендері көңілге қуаныш ұялатады. Сұхбат барысында бәрінің де өзге елден алған білім тәжірибелерін өз елінің өркендеуі жолында пайдалануға ниетті екендігін естіп, қуанып қалдық.

Мұхит асқан қарапайым қазақ баласы күні ертең-ақ ел кәдесіне жарарлық мамандық иесі болса, нұр үстіне нұр емес пе?! Ұстаздардың да басты мақсаты – осы. Шартарапты шарлаған талантты шәкірттерімізге сәттілік серік болуын тілейміз.