Назарбаев Зияткерлік мектебінде 100 кітап жобасы аясында облыстық «Білгенге маржан» кітап оқу сайысының ұйымдастырушысы, «Мирасқор» қоғамдық қорының жетекшісі Амандық Есқалимен танымдық кездесу өтті

Атырау облысы бойынша алғаш рет ұйымдастырылған «Білгенге маржан» жобасына қала бойынша 60 мектептен 870 оқушы, оның ішінде мектебімізден отыз оқушы өз деңгейлерін анықтап, таным көкжиектерін кеңейту мақсатында қатысты.

Осы сайыс арқылы 8-10 сынып оқушылары өз білімдерін шыңдап, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» шығармасын оқып, сұрақтарға жауап берген болатын. Амандық Есқали бұл жоба оқушылардың кітап оқи отырып, терең ойды түсіну дағдысын дамытатындығын атап өтті. Сондай-ақ, қонағымызға алдағы уақытта сайыстың республикалық деңгейге шығуы туралы сұрақ қойылды. Амандық Бағытұлы күзде осы іс-шараны жалғастыратынын айтты. Расымен де, оқушылардың республика бойынша кітап оқып, өз білім деңгейін көрсетуі керемет көрсеткіш болмақ.

Зейінді қонағымыз осы сайыс барысында екі ай бойы шәкірттерді кітап оқу сайысына баулып, мектеп атынан жауапты болған педагог-куратор Смаева Гаухарға алғысын білдірді. «Көшпенділер» трилогиясын оқып, кітапқа деген қызығушылығын, ізденімпаздығын, еңбекқорлығын және талпынысын көрсеткен сайыс қатысушылары, сонымен бірге тәлімгерлері марапатталып, алғыс хат табысталды.

Айта кету керек, аталмыш сайыс қатысушысы Атиғолла Айханым биіктен көрініп, арнайы марапат иеленген болатын. Мұндай игі шаралар легі әр оқушының зейінін аша түспек.