Балаларды қорғау күні мейрамына, әрі, жазғы мектеп ашылуына орай ұйымдастырылған кезекті мәдени шара осылай аталды. Бұл жолы мектеп қызметкерлері мен оқушылары екі-екіден бірігіп, киелі сахнада ән салды.

Анығында, жазғы мектептің ресми ашылу салтанаты өтіп, алғашқы шарасы ән байқауы түрінде көрініс тапты. Жазғы мектеп әрбір оқушыны алдымен жақсылыққа, адамгершілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелей отырып, оқушылардың жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалана білулеріне үйретері сөзсіз.
Байқауға 10 өнерпаз жұп қатысып, бақ сынаған боалтын. Олар сахна мәдениеті, бір-бірімен шығармашылық үйлесімділік, сахналық қойылым, мағыналы ән таңдай білу тұрғысында сынға түсіп, ерекше талпыныспен өнер көрсетті. Ал, олардың өнерін әіділ бағалаған әділқазылар алқасы құрамында халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, Атырау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармонияның көркемдік жетекшісі, әнші Венера Машкалиева, әуесқой композитор Мейрамбек Уразбаевтар болды.

Алдымен әр қатысушының бала кезгі суреттері экран арқылы көпшілікке жасырылды. Кейін сахна төріне шыққан оларға деген көрермен ықыласы де ерекше болды. Қатысушылар «Қазақтың 100 әні» жобасы ішіндегі әндерді нақышына келтіре орындауға тырысып, қазақ ән өнерінің насихатталуына да өзіндік зор үлестерін қосты.

Мектеп қабырғасында талапшыл ұстаз немесе тәжірибелі қызметкер ретінде танылған NIS қызметкерлері осылайша бұл жолы өздерін мүлдем өзге қырынан танытып, еркін өнер көрсетті.

Басты мақсат – оқушыларға мерекелік керемет көңіл-күй сыйлау болатын. Сайыс қорытындысы бойынша барлық жүлдегерлер бас демеуші Sigma Solutions ұсынған ерекше сыйлықтармен марапатталды. Бас бәйге мектеп экономисті Сырым Дүйсенәлиев пен оқушы Айбар Бекеттің дуэтіне бұйырды. Сондай-ақ, қатысушылар алғыс хат түріндегі түрлі номинациялық атауларға да ие болды.