Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқушылар мен ата-аналардың ынтымақтастық әлеуетін арттыруға бағытталған дәстүрлі «Берік отбасы» жобасының жаңа оқу жылындағы кезекті сессиясы басталды. Жеті апта бойы оқушылар мен ата-аналар, мектеп психологтарының қолдауымен отбасындағы қарым-қатынасты жақсарту, жаңа дағдыларды игеру, жанұядағы кекілжіңдерді алдын-алу бойынша тренингтерге қатысады.

NIS желісіндегі табысты жобалардың біріне айналған «Берік отбасы» бағдарламасының ашылуында мектеп директоры Ерали Бижанов қатысушыларға сәттілік тіледі:

- Әр адам баласы үшін ең жақын, ең қымбат нәрсе ол - жанұя. Отбасындағы барлық мүшелердің аман-саулығы, одан қалса олармен жақсы тіл табысу, ортақ проблемаларды бірігіп шешу. Міне, осы орайда біздің жобамыз сіздерге білгенді қайта еске түсіруге, жаңаны үйренуге жақсы мүмкіндік бермек, - деді білім ордасының директоры.