2013 жылы іргесі қаланған зияткерлер мекенінде бүгінде 720 оқушы бар. Қазіргі таңда NIS түлектері төрткүл әлемнің АҚШ, Канада, Корея, Италия, Германия, Венгрия, Түркия сынды елдерінде білім алуда.

Он жылдық мерейтойға орай ұйымдастырылып, флешмобпен бастау алған салтанатты шараға мектептің 10 жыл ішіндегі басшылары Айдарбек Айтпукешев, Құралай Ахмадиева, сондай-ақ, Атыраудағы белді мекемелер өкілдері, ардагер ұстаздар, ата-аналар, әлемнің түкпір-түкпірінен бас біріктірген түлектер, ұжым мүшелері, оқушылар арнайы қатысты.

Алдымен қонақтардың назарына мектеп дәлізінде ұйымдастырылған түрлі рухани, ғылыми құндылықтар ілікті.
Атап айтқанда, «Мектептің 10 жыл ішіндегі жетістіктері», «Мектеп тарихы» тақырыптарындағы арнайы фотокөрме, сондай-ақ, оқушылардың сәндік-қолданбалы өнер шығармашылығынан, «Менің мектебім» үздік эссе-шығармаларынан, оқушылардың үздік ғылыми жобалары мен жетістіктерінен көрме ұйымдастырылды. Қонақтар үшін қызықты химиялық тәжірибелер, эксперименттер де мектеп дәлізінде арнайы көрсетілді.
Ал, негізгі концерттік бағдарлама бишілер орындауындағы әсерлі жарық шоумен басталды. Мектеп директоры Ерали Бижанов өз алғысөзінде:

– Он жас адам ғұмырымен саралар болсақ – ойын баласының жасы. Ал біздің мектеп осы он жыл ішінде тәй басқан қадамына күш бітіріп, аяғына тік тұрып, білім әлеміне қазығын нық қадап, түрлі көз қуантарлық, көңіл көншітерлік жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді. Біздің ең басты байлығымыз – бізден сапалы білім алып шыққан аяулы түлектеріміз, олардың ізін жалғап келе жатқан ойлы оқушыларымыз дер едім.
Санайғаққа сүйенсек, мектебіміз 10 жыл ішінде 986 түлекті түлетіп ұшырды. Бүгінде олар әлемнің түкпір-түкпірінде білім алып келіп, өз елімізде қызмет жолдарын абыройлы жалғастыруда. Өткен оқу жылы ғана мектебімізді бітірген 66 түлектің 18-і әлемнің сан қилы еліндегі алпауыт оқу орындарында білім алуға жол тартты. Бізден қанат қаққан әр түлек – біздің зор мақтанышымыз, – деп атап айтты.

Кезекпен сөз алған мектептің бұрынғы басшылары да ұжым мүшелеріне деген шынайы жылы лебіздерін білдіріп қана қоймай, өз қызметтік тұстарында орын алған ерекшеліктермен, жылы естеліктермен, ыстық ықыластарымен бөлісті.

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен Педагогикалық шеберлік орталығының Атырау қаласындағы филиалы ұжымы да құттықтау тілектерін жолдады.
Атаулы мейрамға арнайы ат басын бұрған түлектер мектеп ұжымына өз көкейлерінен шыққан арнау өлеңдерін тарту етті. Ал, қазіргі белсенді оқушылар көпшілікке мектеп өміріне қатысты викториналық сауалдар жолдап, қызықты диалог құрды.
Мектеп өнерпаздарының өнерлерімен көркемделген жиында әуезді ән де, мың бұралған би де, күмбірлі күй де, тіпті, пианинода орындалған шығарма да болды. Көңілді тапқырлар алаңының кішкентай өкілдері де орынды әрі салмақты әзілдерімен көпшіліктің езуіне шынайы күлкі үйірді.
Әдемі кеш барысы хор ұжымының әсем әндерімен қорытындыланды.
Мектеп әкімшілігі мектептің 10 жылдық тарихында ізі қалған әрбір адамға: қызметкерлерге, ұл-қызын үлкен үкілі сеніммен жетелеп әкелген ардақты ата-анаға, және, ең бастысы, зияткер оқушыларды білім нәрімен сусындатып, болашағына даңғыл жол салып берген ұстаздарға зор алғыс білдіреді.
Іргелі білім ордасы ғұмырлы болғай!