Атыраудағы NIS-те оқу жылының қорытындысы бойынша үздік бітірген оқушыларды мақтау қағазымен, белсенділерді түрлі мазмұндағы алғыс хатпен марапаттау шарасы өткізілді.

Оқу жылын үздік аяқтап, өте жақсы оқығаны үшін 38 оқушы Мақтау қағазын иеленді.
«Жас ғалымдар фестивалі. Атырау-2023» тақырыбы бойынша 1-11 сынып оқушылары мен колледж, жоғары оқу орны студенттері арасында өткен республикалық ғылыми жобалар байқауының, жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша республикалық жасөспірімдер олимпиадасының желілік кезеңінің, мектеп базасында өткізілген «STEM» ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен марапатталды.

Сонымен қатар, 3 оқушыға 14-29 жас аралығындағы жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі «Елбасы медалі» бағдарламасына қатысқаны үшін арнайы төсбелгі, күміс, қола медальдар тағылды.

“Тәлімгерлік" жобасы аясында өткізілген курсты ұйымдастырып, жалпы орта білім беретін №38 мектеп оқушыларымен өз тәжірибиесін бөліскен, сондай-ақ, адамгершілік, қамқорлық, коммуникативті дағдыларды қалыптастыру мақсатындағы «Қоғамға қызмет» әлеуметтік жобасы аясында «Talento» балабақшасының бүлдіршіндеріне сабақ берген оқушыларға арнайы алғыс хаттар табысталды. 
 
Осылайша, Атыраудағы NIS оқушылары бұл оқу жылын да сәтті, табысты аяқтады.