Атырау қаласындағы ХББ НЗМ-де «100 күй» жобасы аясында ұлттық құндылығымыз, асыл мұрамыз домбыраны дәріптей отырып, тұрмыс-тіршілігімізді, мәдениетімізді бейнелейтін өнердің биік шыңы күй құдіретін ұғынуды мақсат еткен «Күй – құдірет, күй - кие» атты домбыра сабағы өтті.

Домбыра тарту шеберлігін дұрыс меңгеруге, оқушының өнерге деген ынта-ықыласын өсіріп, эстетикалық талғамын арттыруға, музыканы дұрыс тыңдап, терең түсіне білуге баулитын шарада дәулескер күйші Құрманғазы Сағырбайұлының өмірі мен шығармашылығы турасында сөз қозғалды.

Шарада 24 оқушы домбыра тартса, дәрісті 300 оқушы тамашалады. Оларға Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйі таныстырылып, орындалды. Әйгілі «Балбырауын» күйінің негізгі бөлігі де үйретілді.

Осындай ұлттық рухты ұлықтайтын шаралар арқасында оқушылар шығарманы талдауды, сахна мәдениетін сақтауды, үйренген шығармаларын тыңдаушыға жеткізе білуді үйренеді. Оған қоса, оқушының шығарманы есту, есте сақтау, ойнай білу қабілеті де дамиды дейді ұйымдастырушылар.