Атыраудағы NIS-тің көлеңке театры Сафи Өтебаев атындағы мұнай-газ университеті ұйымдастырған студенттік театр фестивалінде бас жүлде иеленді.
 
«Бейбіт күннің батырлары» деген атауға ие бұл байқау Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арнап өткізілді. Оған негізінен облыстың белді жоғары оқу орындарының студенттерінен, мектеп оқушыларынан құрылған 9 команда қатысты. Нәтижесінде, Атыраудағы NIS көлеңкелі театры 3 номинация мен бас жүлдені иемденіп, қоржын олжаға толды.
 
«Бабалар аманаты» атты қойылымды сахналаған театр құрамында бүгінде он оқушы бар. Олар: Аида Қайратова, Ризабек Утегенов, Жанарыс Суйеуов, Қуаныш Амангелді, Айбат Мизам, Аружан Габит, Мөлдір Сәлім, Аружан Дабисова, Алия Диндербай, Адилет Абилқасым.
 
- Біз бұл сайыс туралы екі күн бұрын ғана естідік. Әрқашан дайындығымызды үзбей, бабымызда жүреміз. Соның арқасында, екі күн бұрын естіп, аяқ астынан қатыссақ та, үлкен нәтижеге қол жеткіздік. Жалпы, NIS жүйесінде білім мен тәрбие – егіз ұғым. Сондықтан, біздің мектебімізде де тәрбие саласына, өнерге үлкен мән беріледі. Көлеңке театры соның жемісі дер едім. Бүгін кіл студенттерден құрылған театрлар арасында тек оқушыдан құрылған топ аз ғана болды. Сөйте тұра, құрамымыз тек оқушылардан құралса да бас жүлде алғанымыз оқушыларға тың серпін, ерекше мотивация берді, – дейді театр жетекшісі Арман Ныгманов.
 
Айта кету керек, көлеңке театры бас жүлдеден бөлек, «Үздік хореографиялық өнер», «Үздік режиссер» аталымдары бойынша жеңімпаз деп танылып, жетекші Арман Ныгмановқа «Үздік жетекші» атағы берілді.
 
Мектеп абыройын асқақтатуға белсенді үлес қосып жүрген көлеңке театрын мектеп ұжымы кезекті жеңістерімен шын жүректен құттықтайды!