"Туған елге тағзым" жобасының соңғы күні де оқушылар үшін ерекше қызықты сәттерге толы болды. Олар бүгін таңғы жаттығуларын журналистер күніне орай мектебімізге арнайы шақырылған журналистермен бірге жасады. Көтеріңкі көңіл-күймен басталған таң әрі қарай да қызықты бағдарламалармен жалғасты.
Оқушылар мектепте журналистермен әңгіме-дүкен құрып, қиындығы мен қызығы морл мамандық турасындағы өздерін мазалап жүрген көп сауалға жауап алды.
Кейін БАҚ қызметкерлерімен бірге ән айтып, көңіл серпілтті. Әсіресе, олар оқыған жыр шумақтарын әр журналист ерекше ықыласпен қабыл алды.
Осылайша, апта басталғалы бері әр күндері қызыққа толы болған қатысушылар аталмыш жобаның кезекті бөлімін сәтті қорытты. Қорытынды кеште де оқушылар өз өнерлерін ортаға салып, өздеріне қызмет еткен барша мектеп ұжымына алғыстарын білдірді.
"Бұл жолғы сапардың өз туған өңірімізде болғанына сондай қуаныштымыз. Бұрын құлағымыз шалса да, көзімізбен көріп үлгермеген біраз мекенге ат басын бұрдық. Тарихына үңіліп, тың деректеріне қанықтық. Зерттеу жұмыстарымызға нысан боларлық біраз қажет ақпараттарымызды түртіп алдық. Енді, оны ізін суытпай, әрі қарай үлкен ғылыми жобаларға айналдыруға ниеттіміз" - дейді оқушылар.