Бұл жолы тізгін әйгілі Индербор поселкесінен 15 шақырым жердегі Тұздыкөлге бағытталды. Дәмді таңғы астан кейін оқушылар жетекшілерімен бірге бірден жолға шықты.

Тұздыкөлде болғандар оның суының емдік шипасы бар екенін айтып жүр. Жергілікті тұрғындар да нық сеніммен бұл көлдің суы мен қара балшығының өзі тек буын емес, демікпе, бронхит, гинекология сияқты көптеген сырқаттарға бірден-бір ем деп есептейді.

Индердегі тұзды күмбезде Менделеев кестесінің 16 түрлі қазба байлығы бар. Тұздыкөлдің солтүстік жағы Индер тауымен қоршалған.
Тұз көлі 500 метр тереңдікте орналасқан. Көл суының құрамында бром, калий, аздаған йод, ас тұзы бар. Көлдің қара балшығы түрлі ауруларға ем.
Тұздыкөлдің суы мен қара балшығының қасиеттілігі ерте бастан белгілі болған. Көнекөздердің айтуынша, жанына жалау, сырқатына ем іздегендер бұрын алыстан да ат арбамен келіп тұрыпты. Бүгінге дейін де солай болғанымен, шипалы жер толыққанды ел игілігіне айналмай отыр. (Мәліметтер “Ақ Жайық” басылымынан алынды).

Атақты Тұздыкөлді оқушылар бұрын тек құлағымен естіген болса, бұл жолы өз көздерімен көріп, қасиетін сезініп, табиғатына тағзым етіп қайтты. Расымен де, ең алдымен бұл маңның тылсым табиғаты көз қызықтырады. Ал, Тұздыкөлдің мөлдірлігі, жағалай орын тепкен жартастардың әдемілігі оқушыларға өте ұнады. Тіпті, болашақ ғалымдар біраз естелік суретке де түсіп үлгерді.

Атыраудағы NIS-ке оқушылар Тұздыкөлдің пайдалы суын ала келді. Қыркүйекте мұның барлығы үлкен зерттеу жұмыстарының бастауына айналмақ.