Оқушылар мектепке келісімен, ерте таңғы самалмен сергіту жаттығуларын жасады. Одан әрі, ырғақты заманауи әуенге би билеп, көңіл сергітіп, бой жазды. Мектеп ішіне енген оларды дәмді, пайдалы таңғы ас күтіп тұр еді.
 
Жазғы мектеп оқушыларға өз бойындағы қызығушылықтарын дөп басып, тіпті, сүйікті пәндеріне қатысты көкейде жүрген көп сауалдарын ұстазға ашық жолдау үшін де таптырмас мүмкіндік алаңына айналып отыр.

Мұнда оқушылар сан түрлі іспен шұғылданды: мектеп ауласында математика сабағынан «Статистика» бөліміне зерттеу сабағы өткізіліп, ауладағы өсімдік жапырақтарын өлшеу арқылы жиіліктердің интервалдық кестесін құру, деректерді жиіліктер гистограмасы арқылы беру, жинақталған жиілігін құрып, кумулятаны құрау сынды қызықты праиктикалық жұмысты білімді балалар да дөңгелете жөнелді.

Сондай-ақ, жасанды интеллект туралы курс та өткізілді. Орыс тілі пәнінен жыл мезгілдері тақырыбында Есениннің өлең жолдарын түрлі әдістер арқылы талдау тапсырмасы да берілді. Экологиялық таза ермексаздан аппликация жасау барысы да оқушылар үшін қызықты сәт болды.
Айта кету керек, жазғы мектеп жұмысына әр күн сайын түрлі танымдық шара бекітілген.

– Уақытты ұтымды әрі тиімді пайдаланып жүргенімізге қуаныштымыз, –дейді оқушылар.