Атыраудағы NIS-тің жаңа оқу жылы мектептің іргесі қаланғанына 10 жыл толу мерейтойымен тұспа-тұс келді.
«Мектебіміздің іргесі берік қаланып, білім айдынында еркін жүзгеніне тура 10 жыл толды. Бұл уақыт ішінде талай тұғырлы жеңістер, тарихи сәттер орын алды. Бірқатар оқушыны үлкен үмітпен қарсы алып, зор қимастықпен шығарып салдық...

Өткен оқу жылында да мектебіміз оң нәтижелерге қол жеткізді: 66 түлегіміздің қазір 18-і әлемнің түкпір-түкпіріндегі алпауыт оқу орындарына білім алуға жол тартса, қалған түлектер еліміздің адыңғы қатарлы оқу орындарының студенттеріне айналып үлгерді.
Мен биылғы түлектеріміз де барлық білім сынынан сүрінбей өтіп, бұдан да жоғары нәтиже көрсетеріне нық сенемін!» – деді құттықтау сөзінде мектеп директоры Ерали Бижанов.

Биыл мектебімізге 107 оқушы алғаш қадам басып, 7-сыныпқа қабылданды. Енді олар да NIS-пен бірге білім шырағын жағып, жаңа белестерді бағындырмақ.

Ал, ата-аналар атынан сөз алған Гулнур Суйеуова қос ұлының да осы мектепте білім алып жатқанына қуанышты екендігін жеткізді. Үлкен ұлы, 12-сынып оқушысы Расул Джолшыбековтың мектептің жас зерттеушісі, республикалық Наурыз кездесулерінің жүлдегері, «бионикалық протез» жобасының авторы ретінде аты шықса, Расулдың ізінен ерген 8-сынып оқушысы Батырбек Жолшыбеков те бүгінде 8-сыныптың белсенді зияткерлері қатарында.

«Мен өз басым ұлдарым Расул мен Батырбектің осы мәртебесі биік мектеп оқушылары екендігін мақтан етемін. Іргесі мықты, керегесі кең білім ордамыздан мықты түлектер, ел болашағына жанашыр ұл-кыздар қанат қағып шыға берсін», – деді ата-ана.

Әуезді ән төгіліп, сыңғыр қоңырау үні естілген салтанатты жиын әр оқушыға жаңа серпін, ұстаз бен ата-анаға үкілі үміт сыйлады.
Жиын соңы «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбындағы шаңырақ сағаттарымен жалғасты.
Сондай-ақ, білім күні аясында Атырау қаласының белгілі суретшілері сурет салудан шеберлік сағатын ұйымдастырды.
Рафаэль Слекенов, Кендір Отарбай, Елеуғали Дәукеновтер бастаған бір топ танымал суретшілер дәріс берген шараға Атыраудағы NIS-тің сурет өнеріне икемді 8-сынып оқушылары да белсене қатысты.

Атыраудағы NIS ұжымы жаңа оқу жылына толағай табыс тілейді!