Атырау қаласындағы ХББ НЗМ-нің 12-сынып оқушылары алтын ұя мектептерімен қоштасты!

Салтанатты шараға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Нұрмұханұлы Идрисов, Атырау қаласындағы педагогиқалық шеберлік орталығы филиалының басшысы Талаш Бұрханқызы Унгарова, қамқоршылық кеңес мүшесі Тасқынғали Ержан Тасқынғалиұлы, ата-аналар комитетінің төрайымы Нуржанова Сауле Дәулетқызы бастаған қонақтар арнайы қатысты.

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің түлектері заман талабының сұранысына сай, үш тұғырлы тілді, заманауи ІТ-технологияларды, робототехника және тағы басқа жаңашылдықтарды меңгеруге бейімделген тұлға ретінде жіті жетіліп, қалыптасып келеді.

Аталмыш мектеп директоры Құралай Тлеубердіқызы өз алғысөзінде биыл 14 түлек шетелдің таңдаулы оқу оырндарына шақырту алғандарын атап өтті. Енді олар АҚШ, Канада, Ресей, Франция, Жапония, Германия, Венгрия, Түркия сынды әлемнің түрлі мемлекеттерінде өз білімдерін жалғастыратын болады. Бұл – көңіл қуантарлық жетістік!

Шара барысында республикалық пән олимпиадасының желілік кезеңі жеңімпаздарының есімдері де айрықша аталды. Дәстүрлі «Ең үздік шаңырақ», «Жыл оқушысы», «Жыл мұғалімі», «Smart student», «Жыл спортшысы», «Мектеп үшін жаралған», «Жылдың креативті оқушысы» аталымдарының иегерлері де анықталып, марапатталды.

Жиын барысы әсем ән, күмбірлі күй, көркем бимен жалғасты. Түлектер өз кезегінде өздерін білім нәрімен сусындатқан ұстаздар қауымына үлкен алғыстарын айтты.