Атыраудағы NIS оқушылары үшін асыға күткен дәстүрлі “Туған елге тағзым” өлкетану экспедициялық жобасы басталды!
Бұл жолғы қатысушылар биылғы оқу жылының ең үздік шаңырағы марапатын иеленген “Махамбет” шаңырағының оқушылары болатын. Мектеп табалдырығын биыл ғана аттап, бір жылдан кейін тамаша жобаға қатысуға мүмкіндік алған олардың қуанышында шек жоқ.

Алдымен ұйымдастырушылар өлкетану экспедициялық зерттеушілерін қарсы алып, мектеп жатақханасына орналастырды. Мұнда зерттеу экспедиция бағдарламасы оқушылармен бірге талқыланып, қауіпсіздік ережелерін сақтау заңдылықтары таныстырылды.
Жобаның салтанатты ашылуында мектеп директоры Ерали Бижанов сөз сөйлеп, экспедицияның патриоттық тәрбие берудегі мәніне тоқталды. Ал, жүргізушілер ТЕТ мазмұнын түсінідіріп маршруттарымен таныстырды.

Әдеттегідей, әр күн таңғы бой сергітіп, дене шынықтыру жаттығуларымен басталып, тәтті, дәмді, пайдалы таңғы асқа ұласты.
Алғашқы саяхат «Атырау шипажайынан» басталды. Мұндағы балшық құрамы шипажай қызметкерлерінің мәліметінше, республика бойынша теңдессіз құнды қасиеттерге ие. Әсіресе, буын ауруларына ем боп табылатын, құрамында Менделеев кестесінің бірнеше элементі кездесетін құнарлы балшықтың пайдаланылу тәртібі, негізгі қоры оқушыларға көрсетілді. Мұнда тіпті Индердегі Тұздыкөлден әкелінген тұздан жасалған бөлме де бар. Бұл әсіресе тамағы жиі ауыратын балалар үшін таптырмас ем. Балалар балшық пен тұз туралы барлық ақпаратқа қанығып, өздеріне қажет тұстарын түртіп алды.

Одан арғы зерттеу нысаны - Атырау «Бекіре» зауыты. Бұл жерде балалардың көз алдында түрлі балық түрлері арнайы әкелініп, салмағы мен ұзындығы өлшеніп, аталық аналығын ажырату мақсатында УЗИ аппаратына түсіріліп, кейін шағын бассейндерге жіберілді. Арнайы бассейндерде тіпті, шабақ күйінде келген балықтар да өсіріліп, белгілі бір салмақ дәрежесіне дейін жеткенше арнайы күтіп, бағылады. Балықтарды мезгілімен тамақтандыратын арнайы мамандар да бар. Оқушылар үшін әр балық бассейнін өз көздерімен көріп, аралау өте қызық әсер қалдырды. Әрі, көкейдегі сауалдарын да еш қысылмастан жаудырды.

Кейін оқушылар Атырау полиэтилен құбырлары зауытына бас сұқты. Мұндағы полиэтилен құбырлары қалай жасалатындығын өз көздерімен көріп, инженерлермен ашық зауыт басында сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болды. Зауыт басшылығы мен ұжымы NIS оқушыларын өте жақсы ықыласпен қабылдап, болашақтарына сәттілік тілеп, естелікке NIS қоржынына кітап сыйлады.

Ал, Атырау палеонтологиялық мұражайына экскурсия барысында оқушылар өткен дәуірлерге саяхат жасады. Бұл - Қазақстандағы мезозой кезеңінің жалғыз палеонтологиялық мұражайы. Көлемі аса үлкен емес, экспозиция екі бөлмені алып жатыр, дегенмен осында жиналған экспонаттардың бірегейлігіне әлемдегі көптеген мұражайлар қызыға алады. Мұражайдың барлық экспонаттары төлтума, олардың көбісі Атырау облысында табылған. Мұражайдың тағы бір ерекшелігі – оның экспозициясын жалғыз адам, өлкетанушы-палеонтолог Юрий Александрович Пастухов жинаған. 20 жыл бойы Юрий Пастухов пен оның шәкірттері Атырау облысы ішінде экспедицияға барып жүрген және ғаламшарымызда өткен уақыттың бірегей айғақтарды жинаған, осылай болашақтағы мұражайдың экспозициясы құрыла берді. Бұл жерде оқушылар талай экспонатқа куә болды: тарихтан бұрынғы акулалардың тістері, тасқа айналған мегалодондар, плезиозаврлар мен ұлулар, 100-150 миллион жыл бұрын өмір сүрген зілдердің, жүндес мүйізтамсықтардың, алғашқы жабайы өгіздердің және бұғылардың сүйектері, тағысын тағылар… Әсіресе, тарихқа, биологияға қызығушылығы басым оқушылар үшін бұл мұражай үлкен зерттеулерге бастама болары сөзсіз.

Одан әрі оқушылар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне экскурсия жасап, зертханаларымен, университеттің мұражайы мен кітапханасымен, креативке толы заманауи ғимаратымен және «Биотехнология» ғылыми-зерттеу орталығының қоры мен қызметімен жіті танысты.

Экскурсиялардан бөлек, мектеп базасында оқушылар үшін READx жобасы, «Достар шеңбері», баскетбол турнирі, «Ұшқыр ой мен шешендік тіл» интеллектуалды ойыны, “Қазақтың 100 күйі» домбыра party жобасы ұйымдастырылды.