ЕЛБАСЫ МЕКТЕБІНДЕГІ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІ МЕРЕКЕСІ

«Назарбаев Зияткерлік Мектептерінде» Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Ашық есік күнін» өткізу игі дәстүрге айналды. Тәуелсіз елдің негізін қалаған мемлекет басшысының атқарған істерін ұлықтау және кейінгі буынға насихаттау мақсатында өткен іс-шараға облыстағы мектептерден келген дарынды оқушылар, ұстаздар мен ата-аналар қатысты. «Ашық есік күнінде» алғаш рет шалғайдағы аудан оқушыларына арналған «Ел үміті: үздік пән білгірлері» зияткерлік турнирі ұйымдастырылды. Бұл күні мектептердегі оқушылар ұйымының көшбасшылары Тұңғыш Президенттің стратегиялық бағдарламаларын, Елбасының қазақстандағы және халықаралық қауымдастықтағы идеяларын талқыға салып өз ойларын білдірді.

Мерекеге орай өткізілген «Ашық есік күнінде» облыстағы жалпы білім беретін мектептердің 6-сынып оқушылары мен олардың ата-аналары үшін Назарбаев Зияткерлік мектептеріне түсу және оқу бағдарламасының ерекшеліктері таныстырылды. Зияткерлік оқу орынның болашақ шәкірттері үшін білім ордасының сыныптары, лабараториялары мен спорттық секциялары көрсетілді.

Ал шараның шырайын келтірген тарихи кездесудің бірі деп қазақ мұнайының тарихында есімі алтын әріптермен жазылып қалатын, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, ардагер мұнайшы Қуатов Руслан Тұржанұлымен кездесуді айтуға болады. Елбасының қолынан мәртебелі медаль алған қара алтын өндірісінің майталманы оқушыларға жүрек жарды әңгімесін айтты. Руслан Қуатов еліміздегі мұнай-газ өндіруші ірі компаниядағы алғашқы қазақстандық басшы. Руслан Тұржанұлының жетекшілігімен Қазақстанда алғаш рет мыңдаған метр тереңдікте орналасқан мұнай ұңғымасына скважина орналастырылған. Ол жоғары қысымдағы мұнайды қауіпсіз өндірудің жолын өндіріске алғаш енгізгендердің бірі. Күні бүгін қолданыстағы Теңіз кенішінде күкірт пен газдың таралуына тосқауыл қойып, күрделі инфрақұрылымды жарақтандырғандардың бірі де бірегейі осы Руслан Қуатов болатын.

Кездесудің тосын сыйы деп «Ел үміті: үздік пән білгірлері» зияткерлік турнирінің жеңімпаздарына мәртебелі мейман өз қолымен марапаттауларды табыстады.