ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУЫ СОҒЫЛДЫ

Назарбаев Зияткерлік мектебінде салтанатты түрде жаңа оқу жылы басталды. 68 мектеп түлегімен қоштасқан алтын ұя өз қанатына қайтадан сонша жаңа балғындарды қабылдады. Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған дарынды жастар бүгін алғаш рет Елбасы мектебінің табалдырығын аттады. Олар алдағы алты жыл бойы аймақтағы көшбасшы мектепте үздік үлгідегі білімді алады. Жиналған ата-аналар, ұстаздар мен шәкірттерді мектеп директоры Айдарбек Айтбөкешев құттықтады. Ол қадам басқан балаларға сәттілік тілеп, өткен жылдың қорытындысы бойынша үздік атанған бірқатар қызметкерлерге атаулы марапаттарды табыстады.

Білім күніне арналған оқу жылының салтанатты ашылу рәсімінен соң мектеп оқушылары үшін оқу озаттарының дәстүрлі форумы өтті. Мұнда 2018-2019 оқу жылының қорытындысы бойынша оқу жылын үздік бітірген балаларға мадақтама берілді. Ал 10 сыныптың оқушыларына орта мектепті бітірушінің аттестаттары табысталды. Оқу озаттарын ұлықтау рәсімінде жаратылыстану және гуманитарлық пәндер бойынша оқбойы озық болған зияткерлерге мақтау қағаздары үйлестірілді. Форум аясында “Туған елге тағзым-2019” жобасының қатысушылары өз экспедициясын қорытындылады.