Жаңалықтар
Ұстазым, сізге мың алғыс!
03 қазан 2024 01:05
Ұстаздар мерекесі қарсаңында Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жыл сайын мектептің игі дәстүріне айналған «Ұстазым, сізге мың алғыс» шарасы өткізіледі.
Бұл күні ұстаздар қауымы, ата-аналар, оқушылар ұстаздарына құрмет көрсетіп, алғыс сөздерін айтуға асығады.
Биология пәнінің мұғалімі Советжамал Құнанбаева үшін шәкірті Майра Күдерінің сабағына кіріп келгені, күтпеген тосын сый болды.
— Арада ондаған жылдар өтсе де шәкірттерім мені ұмытпайды. Әрқайсысы осы өмірде өз орнын тауып, оларды қайтадан қалыптсақан тұлға ретінде көргеніме өте қуаныштымын. Біз үшін ең қымбат сыйлық – шәкірттеріміздің ілтипаты», – дейді биология пәнінің мұғалімі Советжамал Құнанбаева.
Дәстүрлі акцияға мұғалімдердің өздері де қосылды. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Мадина Исламова биология пәнінің мұғалімі Людмила Гонохованы мерекемен құттықтап, өз сөзінде жас ұстаздың тұлға болып қалыптасуы мен дамуындағы тәлімгердің рөліне тоқталды.
— Мұғалім тек мамандық емес, ол мақтауға тұрарлық борыш. Сіз менің ұстазымсыз деп әрқашан мақтанышпен айтамын. Текелі қаласындағы 8-ші мектепте, екінші қабатта орналасқан сыныбымыз әлі есімде. Сізге биология, валеология сабақтарына баратын едік. Сабағыныз әрқашан мазмұнды және қызықты болатын. Мен сіздің жоғары кәсібилігіңізді бағалаймын және құрметтеймін, осы күнге дейін берген біліміңіз бен жанашырлығыңыз үшін алғыс айтамын,— деп жылы лебізін Мадина Исламова білдірді.
7-сынып оқушысы, «Өркен» білім грантының иегері Жандосқызы Динел де математика пәнінің мұғалімін құттықтауға асықты.
— Биыл математикадан алған білімімнің арқасында НЗМ-ге түсу үшін жақсы балл жинадым. Ал, қиын пәнге қарамастан математиканы біз үшін қызықты әрі қолжетімді ете алғаныңызды атап өткім келеді», - деді Динел №20 мамандандырылған лицейдің мұғалімі Гүлнұр Шерниязқызына.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Халықтың тұрмысын жақсартуды бала тәрбиесінен бастау керек» деген сөзі бүгінгі таңда аса өзекті. Ол білім мен ғылымның табысқа жетудің басты кепілі екенін, өскелең ұрпақты озық стандарттар бойынша тәрбиелеу мен оқыту мемлекеттің ең маңызды міндеті екенін еске салды.