«ҮШ ІЗГІ ІС»: ЗИЯТКЕРЛЕР БАЛАЛАР ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНДА

Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары дәстүрлі «Үш ізгі іс» қайырымдылық акциясын бастады. Оқушылардың бойында отансүйгіштік, қамқорлық және ізеттілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік шараға мектептің 7-10 сынып оқушылары белсенді қатысуда. Қоғамға қызмет бағыты бойынша жүзеге асып отырған дәстүрлі «Үш ізгі іс» акциясын оқушылар Атырау облыстық балалар оңалту орталығынан бастады. Денсаулығында ақауы бар және ерекше білімді қажет ететін балаларды тәрбиелеумен айналысатын облыстық арнаулы мекеменің ашылғанына биыл 20 жыл толған. Осыған орай атыраулық оқушылар оңалту орталығының директоры Бибігүл Жұмалиевамен кездесіп, орталықтың жиырма жылдығымен құттықтады. Зияткерлік мектеп оқушылары балалар оңалту орталығының жұмысымен танысып мұндағы мамандармен тілдесті. Шара соңында Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары орталық балаларына арналған шағын базарлықты ұйымдастырып кішкентай достарына сыйлықтар табыстады.