Кіріктірілген білім беру бағдарламасы

КІРІКТІРІЛГЕН БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫ

 

         Қазіргі таңда Зияткерлік мектептердің білім беру бағдарламасы ұлттық және халықаралық тәжірибелердің ең үздік үлгілерін кіріктіруді көздейді. Осы мақсатта Зияткерлік мектептердің үздік практик мұғалімдері мен стратегиялық әріптесіміз – Кембридждің Халықаралық емтихандық кеңесінің кеңесшілері бірігіп, Кіріктірілген білім беру бағдарламасын жасап шығарды.

         Кіріктірілген білім бағдарламасының алға қойған мақсаты айқын, бағдары жүйелі. Зиялы азаматты – сана әлеуеті жоғары дамыған, сын тұрғысынан және жаңашыл ойлай білетін, рухы мықты, өз білімін қоғамның алға басуына жұмсай алатын адамды тәрбиелеуге ұмтылады. Аталмыш білім беру бағдарламасында тәрбие мен оқыту ажырамас байланыста болады.

         Зияткерлік мектептердің  мақсаты – жоғары білімді, шығармашыл адамның үйлесімді тұлғаланып, дамуы үшін қолайлы білім беру кеңістігін жасау.

         Кіріктірілу – бұл бір оқу мазмұнының  әр түрлі саладағы жан-жақты  білімдермен тоғысуы, бір-бірімен араласып кетуі. Кіріктірілген сабақтар оқушыға әлем туралы, заттар мен құбылыстардың өзара байланыстары туралы біртұтас мағлұмат береді, олар құрылысы бойынша белгілі қалыпқа сыймайды, сондай-ақ, оқу сағаттарын барынша үнемді пайдалануға мүмкіндік береді. Осы тектес сабақтарда оқушылардың бейнелі ой-өрісі дамып, пәннің жалпы мазмұнын өмірмен байланыстыру арқылы шығармашылық мүмкіндіктері ашылады. Кіріктірілген сабақтардың құрылымы нақтылығымен, сыйымдылығымен, орамдылығымен, сабақтың әр сатысындағы оқу материалының логикалық өзара келісімімен, материалдың зор ақпараттық мүмкіндігімен ерекшеленеді.