Критериалды бағалау

Критериалды бағалау жүйесі

 

         Кіріктірілген білім бағдарламасы негізінде оқушылардың білімі критериалды бағаланады. Критериалды бағалау дегеніміз – оқушының білімі мен білігін алдын ала белгіленген оқу жетістіктерімен салыстыра оқыту, соның негізінде оқушыны бағалау. Критериалды бағалау кезінде алдын-ала бағалау шкаласы белгіленіп, оқушының алдына соған жету жоспары қойылады. Бағалаудың мұндай жүйесі білім алушының кемшіліктерін өзіне түзетуіне мүмкіндік береді, оқушының өзін-өзі және өзгені бақылауына, бағалауына мүмкіндік туғызады,  бағаның айқындылығын, адалдығын сақтайды, оқушының сабақ үрдісінде өткен тақырыпты қалай түсінгендігін мұғалімге күнделікті саралап отыруына жағдай жасайды. Осының барлығының негізінде мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланыс бағалаудың жалпы негізін ашады.  Яғни, критериалды бағалау оқыту – тәрбиелеу, дамыту, ынталандыру төрттігін басшылыққа алады.

         Критериалды бағалау жұмысы қалыптастырушы және ішкі жиынтық бағалау арқылы жүзеге асады. Оқушы оқыту жоспарындағы барлық мақсаттар түгел қамтылған бірнеше қалыптастырушы бағалаулардан өтіп, тақырыпты түсінбей «талпынған» оқушы түзету жұмыстары арқылы оқу мақсатына «жетіп», ішкі жиынтық бағалауға келеді. Ішкі жиынтық бағалау мазмұны барлық критерий тұтас қамтылады. Дескрипторға сай тапсырманы толық меңгергендігін көрсетуі шарт. Соның нәтижесінде тоқсан соңында жиынтық бағалау оқушы білімін анықтап береді. Оқушы білімі баллдық жүйемен есептеледі.

         Әлемде білім беру ісінің нәтижесін бағалай білудің өзіндік тәжірибесі қалыптасқаны белгілі. Бұл ретте біз үшін оқушының қаншалықты білім алғандығы емес, оның алған білімін өмірлік тәжірибеде қаншалықты пайдалана алатындығы маңызды болып отыр. Ал біздің еліміздегі білім жүйесінде басым жағдайда оқушылар өздерінің алған теориялық білім деңгейімен бағаланып, сонымен ғана шектеліп жататыны белгілі. Осы орайда оқушы білімін критериалды бағалау – педагогтарға нақтылық алып келетін бірден-бір жүйе.

         Қорыта айтқанда, кіріктірілген білім бағдарламасы, ондағы оқушыларды критериалды бағалау – заман талабына сай шәкірт білімін дәл айқындауға мүмкіндік беретін бақылау жүйесі.