«ҮШ ІЗГІ ІС»: NIS ОҚУШЫЛАРЫ АКЦИЯНЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Бүгін, 13 қараша – Халықаралық зағип жандар күні. Осыған орай Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары дәстүрлі «Үш ізгі іс» қайырымдылық акциясы аясында өңірдегі соқырлар қоғамына барды.
Кездесуде атыраулық оқушылар көз жанарынан айырылған азаматтарға өлең жолдарын оқып, домбырада күй шертті, қызықты викториналарды ұйымдастырды. Қазақ зағиптар қоғамының Атыраудағы бөлімшесі балалардың жылы құрметіне алғыс білдіріп оларға оқуда табыс тіледі.
– Елімізде 20 мыңнан астам адам көру қабілетінен айырылған. Олардың мыңға жуығы біздің облыста тұрады. Әрине, барлығы бірдей туа бітті көз жанарынан айырылған жандар емес. Бірі өндірісте, енді бірі жүре бара көру қабілетінен айырылғандар. Сондықтан, менің сіздерге айтарым, көздің қадірін қазірден бастап біліңіздер. Үнемі телефон мен компьютерге телміріп отырудың зияны көп. Бүгінгі кездесуде сіздер, көзбен көрудің өзі бір бақыт екенін сезінген шығарсыздар, – деді Атыраудағы Қазақ соқырлар қоғамының төрағасы Сәбит Болатұлы.