ТІЛГЕ ҚҰРМЕТ – ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ

Өскелең жас ұрпақ үшін Тілдер күнін атап өту мемлекеттік тіліміз ана тіліне және өзге ұлттардың тіліне құрмет көрсетудің нышаны. Өйткені елімізде өмір сүретін барлық ұлттар өзінің ана тілінде сөйлеуге, мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттауға құқылы. Тілдер күні мерекесі Қазақстандағы этностардың мәдениетін тануға және достықты нығайтуға арналған тағы бір себеп іспетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолдауында ана тілімізбен қатар орыс, ағылшын тілдерін меңгеруді, одан қалса тағы бірнеше халықаралық тілдерді үйрену уақыт талабы екенін айтып өтті. Демек, жастардың сапалы білім алып, ұлттар арасындағы достықты сақтауы үшін де тілді меңгерудің маңызы жоғары.
Осыған орай Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Көп тіл білу – бір мақсатқа жеткізетін бірнеше кілттің иесі болу» тақырыбында TED’x мәжілісі өткізілді. Қашықтықта ұйымдастырылған TED’x-ке мектептің 11 сынып оқушылары қатысты. Олар әр тілде зияткерлік және сын тұрғысынан ойлау қабілеттерін ортаға салып өнер көрсетті. Оқушылар көпшілік алдында сөйлеу өнері негізінде тіл мәселесіндегі өзекті проблемалар мен ұлы ғұламалардың дана сөздерін мысалға келтірді. Осылайша тілдер күнін атап өткен атыраулық оқушылар бірнеше тілде еркін ой білдіре алатынын анық жеткізді.