ЖЕТЕКШІ МЕКТЕПТЕРДІҢ ҮЗДІК ТӘЖІРИБЕЛЕРІ

Жаңартылған білім беру жүйесінің күрделі мазмұнын енгізу тек білім ордасының деңгейіне байланысты емес. Бұл арада білім беру мекемесінде педагогикалық инновациялардың қаншалықты тиімді іске асатыны да маңызды.

Білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкелі 4 жылдан артық уақыт өтті. Бүгінгі таңда еліміздегі барлық мектептерде сыни ойлайтын және шығармашылық қабілеті зор үздік мұғалімдердің тобы жасақталды. Ендігі мақсат жүздеген семинарлар мен оқыту бағдарламаларының жемісін көру. Пән мұғалімдерінен кері байланыс алу. Осы орайда Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Педагогикалық шеберлік орталығы филиалымен бірлескен тәжірибе тарату алаңы ұйымдастырылды.

Кездесуде Индер ауданындағы М.Әуезов орта мектебі, қаладағы Ж.Қаражігітов және Қ.Сәтпаев атындағы жетекші орта мектептердің үздік тәжірибелері таныстырылды.

Аталған мектептердің педагогикалық қауымдастығы жаңартылған білім беру мазмұнына көшуде оқытудың инновациялық тәжірибелерімен бөлісті. Ал Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі «сыни достар» жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдеріне өз тәжірибелерін одан әрі дамыту үшін жүйелі және сындарлы кері байланыс берді.

Кәсіби дамуға бағытталған «Үздік тәжірибе» жобасының кезекті сессиясы басқа да білім беру ұйымдарымен жаңа жылдық мерекелерден кейін жалғасын табатын болады.