2023 жылғы 9 қазаннан 18 желтоқсанға дейін жалпы білім беретін мектептердің 6-сынып оқушыларын виртуалды мектепке тіркелу жүргізіледі. Еске сала кетсек, виртуалды және каникулярлық мектеп жобалары Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарының оқушыларын Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 7-сыныбына түсуге дайындау мақсатында жұмыс жасайды.

Виртуалды мектеп – оқушылардың бейінді пәндер бойынша білім алуына, Назарбаев Зияткерлік мекептерінің 7-сыныбына түсуге дайындалуына мүмкіндік беретін білім беру жүйесі.

Виртуалды мектепке тіркелген қазақ және орыс тілінде оқитын оқушылар «Математика», «Жаратылыстану», «Қазақ тілі», «Орыс тілі және әдебиеті», «Ағылшын тілі» пәндерінен сабақ алып, өткен тақырыптарын бекітуге арналған тапсырмаларды орындап, қорытынды тестілеу тапсырады. Анығында, 2023 жылғы 23 қазаннан 18 желтоқсанға дейін оқиды және тестілеу тапсырмаларынан өтеді.

Қорытынды тестілеу бойынша ең жоғары балдың 50 немесе одан жоғары пайызын жинаған оқушылар Зияткерлік мектептер базасында өтетін күндізгі сабақтар және конкурстық іріктеу тестілеуінің бейіндік пәндері бойынша кеңес алуға Каникулярлық мектепке шақырылады.
Ағымдық бағалауға арналған тест тапсырмалары – ұсынылған жауап нұсқаларынан бір немесе бірнеше дұрыс жауап таңдалатын жабық түрдегі тапсырмалар және ашық түрдегі тапсырмалар. Дұрыс жауаптар 1-ден 5-ке дейінгі балмен (сұрақ түріне байланысты), қате жауаптар 0 балмен бағаланады. Ағымдық бағалау нәтижелерін оқушының жеке кабинетінде көруге болады.

Жергілікті уақытпен 2023 жылғы 11 желтоқсанда сағат 08:00-ден 18 желтоқсан 16.00-ге дейін қорытынды тестілеу өткізіледі. Қорытынды тестілеу компьютерлік тестілеу форматында жүргізіледі. Қорытынды тестілеуді оқушылар 7 күннің ішінде кез-келген ыңғайлы уақытта онлайн тәртібінде орындайды. Қорытынды тестілеудің тапсырмалары тесттің барлық бөлімдері орындалғаннан кейін автоматты түрде бағаланады. Дұрыс жауаптар 1 балмен, қате жауаптар 0 балмен бағаланады. Қорытынды тестілеудің нәтижесі бойынша оқушыларға кері байланыс беріледі.

Виртуалды және Каникулярлық мектептерде оқу оқушыларға Назарбаев Зияткерлік мектебіне түсуге дайындықты бастауға, оқудың тиімділігін арттыруға, қажетті дағдыларын шыңдауға және оқуға ынталарын арттыруға көмектеседі.
 
Тіркеліп, толық ақпарат алу үшін https://vs.nis.edu.kz/ сайтына өтіңіз