Бүгін Атырау қаласындағы ХББ НЗМ түлектеріне білім аттестаттары табысталды. 6 жыл бұрын зияткерлік мектеп табалдырығын аттап, өз білім көкжиектерін дәл осы мектеп қабырғасында жүріп кеңейткен түлектер бүгін міне, аттестаттарын алып, үлкен өмірге деген алғашқы қадамдарын жасады.

Мектеп директоры Құралай Тлеубердіқызы әр сынып оқушыларының мектепті дамытуға қосқан үлес қырларына жіті тоқталып, үздік оқушылар мен өнерлі, спортқа бейім, полиглот түлектердің есімдерін қалың көпшілік алдында атап өтті.


Ұл-қызының дәл осы қуанышты сәтін көптен күткен ата-ана да ұстаздарға деген ыстық ықыласын толғанысқа толы сөз өрімдерімен жеткізді.

Ал, мектеп түлектерінің сөз қарқыны тіптен ерек. Олар өз алғыстарын түрлі естелікке толы бейнежазбалар, әсерлі ән, көңілді бимен жеткізді. Мектеп ұжымына арналған жыр шумақтары да жиылған көпшіліктің көңілінен шықты.

Осылайша, кезекті түлектер легі де қызыққа толы мектеп өмірімен қоштасты. Сіздерге мектеп ұжымы атынан аласармайтын арман, межелі мақсат, жарқын болашақ тілейміз!