banner

Жаңалықтар

Көкшетаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне – 15 жыл

15 қараша 2024 21:25

Бүгін Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі өзінің 15 жылдығын атап өтті. Мерейтойға орай «Заманауи білім берудегі инновациялар: тәжірибе және даму перспективалары» тақырыбында ғылыми конференция, оқушылар жобаларының көрмесі және мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Конференция барысында мектептің 15 жыл ішіндегі жетістіктері таныстырылды. Аймақтың ұстаздары мен ғалымдары білім беру саласындағы негізгі мәселелерді, соның ішінде жасанды интеллектті енгізу, инновациялық әдістемелерді пайдалану, көшбасшылық дағдыларды дамыту және оқушыларды кәсіби бағдарлау мәселелерін талқылады.

Шараға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаев, Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінің профессоры Дүйшон Шаматов, «International Centre of Scientific Collaborations» президенті және Ғылыми білім берудің жаһандық кеңесінің (IAP SEP) мүшесі Ләззат Құсайынова қатысты.

– Тарихи өлшемдерге қарасақ, 15 жыл ұзақ уақыт емес. Десе де, бұл жылдар табысқа, маңызды оқиғаларға толы болды. Мектеп өз жоғары жетістіктерінің арқасында NIS жүйесінде ғана емес, отандық білім беру саласында да ерекше орын алуда. Біздің басты миссиямыз – тәжірибе мен үздік тәжірибелерді тарату. Бұл бағытта мектеп ұжымы зор қолдау көрсетіп келеді, – деп атап өтті Әнуар Жанғозин.

2009 жылы 1 қыркүйекте негізі қаланған мектеп бүгінде аймақтағы инновациялық білім беру орталығына айналды. Қазіргі уақытта мұнда 745 оқушы білім алуда. Зияткерлер үшін 67 оқу кабинеті, соның ішінде математика, STEM, робототехника, физика, химия және биология пәндеріне арналған арнайы кабинеттер жабдықталған. Сонымен қатар мектепте кіші және үлкен спорт залдары, футбол алаңы және білім беру процесіне қажетті құралдармен толық қамтамасыз етілген екі кітапхана бар.

Мектептің басты міндеттерінің бірі – халықаралық білім беру кеңістігіне интеграциялану. Мұғалімдер мен оқушылар GALE, Scopus, Web of Science және Wiley сияқты жаһандық деректер базасына қол жеткізе алады. Кембридж университетімен бірлесе әзірленген NIS-Programme білім беру бағдарламасы қазақстандық және халықаралық оқу стандарттарын үйлестіреді.

Мектеп 2017 және 2023 жылдары Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) халықаралық аккредитациясынан екі рет сәтті өтіп, өз мәртебесін растады. Оқушылар британдық Wapping High School, үндістандық

Purwanchal Vidyamandir және польшалық Szkoła Podstawowa nr 43 сияқты халықаралық мектептермен белсенді ынтымақтастық орнатты.

15 жыл ішінде 900-ден астам түлек Қазақстан мен шетелдің беделді жоғары оқу орындарына түсті. Олардың қатарында Назарбаев Университеті, Қазақ-Британ техникалық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, сондай-ақ Ұлыбритания, Канада, Қытай, Оңтүстік Корея және басқа да елдердің университеттері бар. Мектеп түлектері Ernst&Young, Yandex, Google, Exxon Mobil сияқты халықаралық компанияларда табысты еңбек етуде.

Сондай-ақ Көкшетаудағы NIS аймақтағы маңызды әдістемелік орталық болып табылады. Мектеп Ақмола облысының 6 тірек мектебіне әдістемелік қолдау көрсетеді.

Мектеп оқушылары республикалық және халықаралық конкурстарға, олимпиадаларға және конференцияларға белсенді қатысады. 2020 және 2023 жылдары Ильяс Умурбеков пен Асылхан Қали өздерінің ғылыми жобаларын АҚШ-та өткен REGENERON ISEF халықаралық конкурсында ұсынды. 2023 жылы Асанәлі Кәрім мен Диасәлі Кәрім әлеуметтік жобалар бойынша халықаралық RISE Global Challenge конкурсының жеңімпазы атанып, 500 000 АҚШ доллары көлемінде грантқа ие болды. 2024 жылы оқушы Аружан Жәнібек Кореяның Сеул қаласында өткен халықаралық конференцияға қатысып, үздік ғылыми-зерттеу жұмысы үшін алтын медаль жеңіп алды.

Көкшетаудағы NIS оқушылардың болашағын қалыптастырып, аймақтың білім беру жүйесінің әлеуетін дамытумен қатар инновациялық білім беру мен халықаралық ынтымақтастық саласында көшбасшы оқу ордасы болып қала бермек.