banner

Мектеп тарихы

Мектеп тарихы

Өнеркәсіп өндірісі мен ауыл шаруашылығына бай Көкше елінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Көкшетау қаласында «физика-математикалық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі» филиалы өз есігін айқара ашты.

Мектепте 745 оқушы білім алуда және 67 оқу кабинеті бар. Олардың ішінде математика, STEM, робототехника, физика, химия, биология зертханалары, кіші және үлкен спортзалдары, мектеп территориясында футбол корты мен кітапхана бар. Ақмола облысынан және алыс қалалардан қабылданған оқушылар интернатқа орналастырылады.

Әлемдік білім беру кеңістігіне табысты кірігуді және оқушылар мен мұғалімдердің қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында мектеп Gale, Scopus, Wep of Science, Wiley халықаралық ғылыми базаларын қолдануға мүмкіндік береді. Мектепте стратегиялық әріптес-Кембридж университетімен бірлесіп әзірленген «NIS – Programme» білім беру бағдарламасы іске асырылуда. Оқу пәндерінің мазмұны жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша бейіндеуді ескере отырып, қазақстандық және халықаралық бағдарламалардың интеграциясына негізделген.

2017 жылдың маусым айында мектеп Халықаралық Мектептер кеңесінде (Council of International Schools – CIS) аккредиттеліп, 2023 қайта аккредитеттеуден сәтті өтті. CIS мүшесі бола отырып, мектеп өмірі мен оқу процесін ұйымдастырудың халықаралық стандарттарына сәйкестігін растады. Сондай-ақ, мектеп оқушылары басқа халықаралық мектептермен онлайн конференциялар, пікірталастар форматында табысты ынтымақтасуда. Олар Үндістанның «Purwanchal Vidyamandir» мектебі, Калькутта қаласы, Ұлыбританияның «Wapping High school» мектебі, Лондон қаласы және Польшаның Szkoła Podstawowa nr 43 im. Simony Kossak w Białymstoku мектептері.

2011 жылдан 2024 жылға дейін мектепті 900-ден астам түлек аяқтады. Бүгінде олар Назарбаев Университетінің, Қазақстан-Британ техникалық университетінің, Қазақстан экономика және болжамдау менеджменті институтының, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті және басқа да беделді отандық жоғары оқу орындарының студенттері және түлектері. Мектеп түлектері Ұлыбритания, Канада, Гонконг, Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур, Кипр, Испания, Италия, Швейцария, Венгрия, Польша, Болгария, Эстония, Литва, Ресей, Беларусь жоғары оқу орындарында табысты білім алып өз мамандықтары бойынша Ernst&Young, Yandex, Google, Exxon Mobile тәрізді әлемге белгілі компанияларда қызмет етуде.

Сонымен қатар Көкшетау қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі әдістемелік орталық болып табылады, негізгі мақсаты «ауыл мектебі» жобасы шеңберінде қатысатын Ақмола облысының жетекші мектептерінің, Бұланды және Бурабай аудандарының мектептерінің педагогикалық ұжымдарына, Ақмола облысының аудандық, қалалық білім бөлімдерінің әдістемелік кабинеттерінің әдіскерлеріне, сондай-ақ өңірдің колледждері мен жоғары оқу орындарының түлектеріне білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде тәжірибе алмасу және әдістемелік қолдау көрсету орталығы болып табылады.